“Қызылжар су” серіктестігінің өкілдері баспасөз турын өткізді

ТКШ

22:13 24 Қыркүйек 2021

Шаруа Қаттай Кеншінбаев көшесінің бойында қызу жүріп жатыр. Мұндағы ауыз су құбырлары әбден ескіріпті. Қысқа дейін ауыстырмаса, апаттық жағдай орын алуы мүмкін. Бүгін бұл жерде диаметрі 225 мм-лік құбыр тартылмақ.

Вадим Голодников, «Қызылжар су» ЖШС аға шебері:
– Құбырлар 40 жылдан бері ауыстырылмаған. Біз Алматы мен Батыр Баян көшелерінің арасындағы 950 метр құбырды жаңартамыз. Бүгінге дейін 270 метр орнаттық. Көлденең бұрғылау әдісі жұмысты тез жүргізуге септеседі. Себебі, жерді қазбаймыз. Осының арқасында біз атқарған жұмыстан кейін тас төсеу, жол жөндеу секілді машақат болмайды.


«Қызылжар су» серіктестігі ауыз су желілерін жөндеу жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп жатыр. Биыл мамандар 100-ден аса құдықты қалыпқа келтіріпті. Сонымен қатар, тіршілік көзі өтетін 56 шақырым желіні жуып-шайған. Бұл жылдық жоспардың 93 пайызын құрайды. Кәріз жүйелері де назардан тыс қалмайды. Айтпақшы, биыл мамандар солтүстікқазақстандықтардың бас ауруына айналған проблема – қала сыртындағы биотоғанды тазалау шаруасын қолға алды.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Мұнда Петропавлдағы кәріз жүйелерінен ағатын сулардың барлығы келіп құйылады. Соңғы бірнеше жылда осы жерден шығатын жығымсыз иіс қалалықтардың басты мәселесіне айналды. Себебі, көктем кезінде мұз еріп, оның астында қыс
бойы жиналған күкіртсутегінің иісі қаланың барлық аумағына тарап кетеді.

Қолқаны қабатын қоламсаны жоюдың амалы бар. Экологиялық мәселені шешуге монополистер үстіміздегі жылдың маусым айында кірісті. Маңызды шаруаны жергілікті ғалымдар қолға алды. Олар 5 жылдан бері «Хлорелла» балдырын өсіріпті. Бұл өсімдік түрі – суды тазалауда таптырмас көмекші.

Александр Рейбандт, «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры:
–  Хлорелла өзінен өте үлкен көлемде оттегін бөліп шығарады. Осыған байланысты су астындағы тұрмыстық қалдықтардың шіру процесі жылдам жүреді. Сондай-ақ, хлорелла судағы зиянды қалдықтармен қоректенеді. Бұл зоопланктондардың санын көбейтуге септеседі. Осылайша, тоған өздігінен тазара бастайды.


Хлорелла биотоғанға жыл сайын жіберіліп отырмақ. Өйткені, судың көлемі үлкен болғандықтан оны тазалау жұмыстары бір жылдың ішінде аяқтала қоймайды. Жоспарды жүзеге асыруға 3 жылдан аса уақыт қажет екен. Тиімді сәтті пайдаланып мамандарға көпті толғандырған сауалды қойдық: Петропавлда неге жыл сайын 2 күнге ауыз су беру тоқтатылады?

Арман Саутов, «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры:

– Біз ауыз суды Есілден аламыз. Бәріміз білетіндей, өзен көктем уақытында арнасынан асып кетеді. Осы кезде тіршілік көзі топырақ және басқа да заттармен лайланады. Сәйкесінше, оның бәрі құбырға кіреді. Сол үшін желілердің ішін хлор араласқан сумен жуып-шаямыз. Соңғы жылдары жұмысты 2 күн емес, 6 сағатта атқарып жүрміз.

Сондай-ақ, ауыз су темір құбырлардағы татпен де лайланады. Аталған мәселе жыл өткен сайын шешімін тауып жатыр. Қазіргі уақытта мамандар қаладағы тіршілік көзі желілерінің 60 пайызын пластикке ауыстырған.

Бердимурат Баймухан

Бұдан әрі оқыңыз

Елімізде 215 мың тонна дизель отыны қалды
Балалар үйінің тәрбиеленушісін өлдіге санап, баспана кезегінен алып тастаған
Ғ.Мүсірепов ауданында кәріз тазарту нысаны іске қосылады
“Есіл су” филиалының өкілдері баспасөз турын ұйымдастырды
Биыл Бескөл ауылында 5 балалар алаңқайы орнатылды
Явленкадағы үйлердің 78 пайызына су тартылған
Петропавлда жылыту маусымы басталды
“Бірге – таза Қазақстан” экологиялық акциясы өтті
Бармашы өзені арқылы өтетін көпір жөнделуде