Қылмыс

50-ге жуық солтүстікқазақстандық көлігінің ұрланғаны туралы арызданған

Көлігін қайда қойғанын ұмытып, оны ұрлап кетті деп ойлаған. Егде жастағы петропавлдық машинасын таба алмаған соң полицияға барып арыз жазған. Тәртіп сақшылары автомобильді бейнебақылау камераларының көмегімен іздестіреді. Онда ер адамның күндіз жұмысынан көлікпен шығып, қайтарда жаяу оралғаны жазылып қалған. Бейнежазбаны көрген жоқ іздеуші жолай дәмханаға кіргендігін есіне түсіреді. «Audi» маркалы автомобилін сол жерге қалдырып кеткен екен.

Петропавлда осыған ұқсас тағы бір жағдай тіркелді. Ер адам сауда орталықтарының бірінде сауда жасаймын деп темір тұлпарын қайда қойғанын есінен шығарып алған. Сөйтіп, полицейлерге жүгінген. Оның да көлігі табылды. Жалпы, жыл басынан бері 50-ге жуық солтүстікқазақстандық көлігінің ұрланғаны туралы арызданған.

Алдияр Айтпаев