Аптадағы маңызды жаңалықтар

2025 жылға дейін 52 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады

Сүтті мал шаруашылығы – Солтүстік Қазақстанның бренді. Өңірде ақтың өндірісімен 100-ден аса агроқұрылым айналысады. Солардың бірі – Аққайың ауданына қарасты “Дайындық” серіктестігі. Аграрий Біржан Шаймерденов 4 жыл бұрын тәуекелге бел буды. 1200 ірі қараға шақталған заманауи тауарлы-сүт фермасын тұрғызып, кейін шетелден 600 бас асылтұқымды симментал сиырын әкелді.

Біржан Шаймерденов, “Дайындық” ЖШС директоры:

– Біз өзімізге 3 мақсат қойдық: барынша сапалы, қою сүт алу, бұзауды сақтап қалу және ұрықтандыру жүргізу. Бірінші мақсатқа тоқталар болсақ, қою сүт алу үшін жақсы тамақ беру керек. Сиырларға жүгері, күнбағыс, сенаж, арпа мен сұлы береміз.

Фермада жаңа туған бұзауларға ерекше назар аударылады. Сиыр төлін сақтап қалып, аяғына нық тұрғызу үшін инженерлер екі-үш ай бойы ерекше күтім көрсетеді. Кейін ұрықтандыру процесіне кіріседі. Бұл – кестеге сай, бірнеше маманның бақылауымен жүргізілетін іс. Тек осындай кешенді жұмыстың арқасында көл-көсір өнімге кенелуге болады дейді аграрий. Табыстың өзіне келер болсақ, бүгінде “Дайындық” серіктестігінде күн сайын 450 сиыр сауылады. Мүйізділер 10-11 тоннадай сүт береді екен. Ақтың литрінің құны – 210 теңге. Есептейтін болсақ, 1 күндік табыс – 2 млн-нан, апталық кіріс 12-13 млн теңгеден асады.

Біржан Шаймерденов, “Дайындық” ЖШС директоры:

– Біздің сауыншылар 300-ден 450 мың теңгеге дейін ақша табады. Малшылар мен бұзау бағатын жұмысшылар 250-ден 280 мың теңгеге дейін ақша табады. Оның ішінде 4 күн демалады. Қалған күндері жұмыс істейді.

Жұмыс оңай емес, бірақ табысты. Солтүстікқазақстандық фермерлердің тәжірибесі – соған дәлел.

Анатолий Рафальский, “СК АГРО 2050” ЖШС құрылтайшысы:

– Мал шаруашылығы кенжелеп қалған сала дейтіндер аз емес. Бірақ, мен бұнымен келіспеймін. Бүгінде дәл осы сала толығымен цифрландырылған. Әрбір сиырдың электрондық төлқұжаты бар. Мұнда оның ата-бабасынан бастап, барлық ақпарат сақталған. Қашан вакцина алды, қанша мәрте сауылды, денсаулығы қалай деген мағлұматты оп-оңай көруге болады. Бұл ветеринарлар үшін де өте ыңғайлы.

Республикадағы әр үшінші тауарлы-сүт фермасы теріскейде орын тепкен. 21 кәсіпорынның 12-сі – заманауи, соңғы 3 жылда бой көтерді. Бұл – тек басы ғана дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов. Былтыр 12 айда аграрийлер 600 мың тонна сүт өндірсе, 2025-те көрсеткішті 1 млн-ға дейін жеткізу көзделген.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Елімізде өндірілетін сүттің 10 пайызы СҚ облысына тиесілі. Біздің әлеуетіміз одан да жоғары. Аймақты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, алдағы уақытта тағы 52 тауарлы-сүт фермасын ашу көзделген. Кәсіпорындарға жалпы саны 30 мың асылтұқымды мал басы жеткізіледі.

Межені орындауда жергілікті аграрийлер белсенді. Биыл кәсіпкерлер Еуропа мен жақын шетелден сүтті және етті бағыттағы 10 мың бас сиыр әкелмек ойда. Бүгінде ірі қараның 3 мыңы теріскейге жеткізіліпті. Кәсіпорындардың құрылысы бір жолға қойылған. Дәл қазір 16 тауарлы-сүт фермасы бой көтеруде. Өндіріс ошағының 10-ын жыл соңына дейін ашу жоспарланған.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Мемлекет тарапынан мал шаруашылығына зор қолдау көрсетілуде. Үкіметтен тауарлы-сүт ферма тұрғызуға және оны кеңейтуге субсидия бөлінеді. Сондай-ақ, тайша сатып алуға да қаражат беріледі.

Айта кету қажет, 2018 жылмен салыстыратын болсақ, өңірде сүт өндірісі 61 пайызға ұлғайған. Жергілікті компаниялармен шығарылатын май – 61, сүзбе мен ірімшік 51 процентке көбейген.

Эльмира Садвокасова