Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Аққайың ауданында болды

Аққайың ауданындағы Қиялы ауылында тауарлы-сүт ферманың құрылысы жүріп жатыр. Ауқымды жобаны жергілікті «Гагарино» серіктестігі қолға алған. Алдағы уақытта бұл жерде сиыр қора, жем-азық цехы, сауын орны мен бас көбейтуге арналған бірнеше корпус болмақ.

Серғазы Қарымсақов, «Гагарино» ЖШС бас директоры, Аққайың ауданы:

Алты жүз отыз екі бас болады. Германиядан голштин деген асылтұқымды сиырларды аламыз. Сүтті мал деп айтып жатыр.

Серіктестік қазір де мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ, етті бағыттағы ірі қара ұстайды. Бәріміз білетіндей, мұндай кәсіп жылына бір рет қана табыс әкеледі. Ал, сүт сату арқылы күнде пайда көруге болады. Жаңа өндіріс қолға алынса, жергілікті халықты та жұмыспен қамтылады.

Серғазы Қарымсақов, «Гагарино» ЖШС бас директоры, Аққайың ауданы:

– Ауылда тұрған соң халықты жұмыспен қамту қажет. Өзімізде ангус деген қара мал бар.

Бұл – Аққайың ауданында ашылатын 4-ші тауарлы-сүт фермасы. Жобаны іске асыру үшін 3,7 млрд теңге қаржы бағытталмақ. Құрылыс жұмыстары уақытылы жүргізілсе, өндіріс ошағы келесі жылдың соңынан тұтынушыларды мол әрі сапалы ақпен қамтамасыз ете бастайды. Жылдық қуаттылығы – 3 мың тонна. Атқарылып жатқан шаруамен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты. Әңгіме барысында кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Техникаға 50 пайыз субсидия болады. Қондырғы мен құрылысқа – 20 пайыз. Ал, әр мал басына 40-50 пайызға дейін субсидия беріледі.

Сүт өндірісі өте табысты бизнес екенін айта келе, Құмар Ақсақалов жергілікті іскер жандарды осындай ферма салуға шақырды. Жұмыс істеймін деген жігіттерге мемлекет мал азығынан бөлек, сүттің әр литріне 40 теңге субсидия төлейді.
Құс шаруашылығын қолға алған жандарға да көмек беріледі. Осы орайда, Аралағаш ауылында тұрғызылып жатқан бройлер фабрикасына тоқталайық. Болашақта бұл жерде жылына 5 мың тоннаға дейін құс еті өндірілмек. Өнім Солтүстік Қазақстан облысын түгел қамтып, Орта Азия мен ТМД елдеріне де экспортталады.

Берік Ақмырзаев, «Северный бройлер» ЖШС құс фабрикасының директоры, Аққайың ауданы:

Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы нарықта жергілікті құс етін өндірушілердің тауарлары аз және қымбат. Өнімнің басым бөлігі экспортқа шығарылуда. Біз болашақта тауарды заманауи қондырғылардың көмегімен әзірлейтін боламыз. Халыққа төмен бағамен ұсынамыз.

Жобаға жалпы құны 5 млрд 469 млн теңге қаржы бағытталуда. Оның 3 млрд теңгесі – мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдетілген несие. Келесі жылдың соңынан бастап фабрикада мұздатылған құс етінен бөлек, инкубаторлық және тағамдық жұмыртқа мен түйіршіктелген жем-азық шығарылатын болады. 170-ке жуық адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі күні болашақ мамандар оқытудан өтіп жатыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің алдағы мақсатымыз – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын барынша көп азық-түлікпен қамтамасыз ету. Осы орайда, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға екпін берудеміз. Қазір жылына 60 мың тонна түрлі ет өндіреміз. Бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу керек. Бүгінде өңірде 2 құс фабрикасы салынып жатыр. Кәсіпкерлерге қондырғы сатып алу және электр энергиясымен қамтамасыз ету жағынан көмек көрсетіледі.

Құмар Ақсақалов жақын маңдағы картоп алқабына да ат басын бұрып, күзгі жиын-терім жұмыстарымен танысты. Биыл мұндағы 100 гектар жерге аталған көкөніс түрі егілген екен.

Жаздағы қолайсыз ауа райына қарамастан шығымдылық көрсеткіші жақсы дейді аграрий Рүстем Жоламан. Іскер жанның сөзінше, картоп жинау жұмысы жақын арада аяқталады. Өнімнің бір бөлігі бағаны тұрақтандыру қорына сатылмақ.

Аққайың ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде обылс әкімі Шағалалы ауылына да барды. Қазіргі күні аталған елді мекенде 1200-ден аса адам тұрып жатыр. Ауыл жыл сайын көркейіп келеді. Көшелер жөнделіп, ескі ғимараттар қалыпқа келтірілуде. Мәселен, бүгінде мұнда дәрігерлік амбулатория жөнделіп жатыр.

Мамадияр Байғұлов, Аққайың аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

Бұған дейін бізде күндізгі стационар болған жоқ. Осында әйелдер мен ерлерге арналған палаталар жасаймыз. Тіс дәрігері де жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, екпе егу мен процедуралық кабинет ашылады. 1 айдың ішінде жөндеу жұмыстарын тәмамдап, қажетті қондырғыларды орнатамыз.

Халыққа сапалы медициналық қызмет қажет. Осыған байланысты ауылға еліміздің жұмыс күші басым аймақтарынан жас дәрігерлер келіпті.

Жас мамандарға амбулатория жанынан жаңа пәтерлер беріледі. Құрылыс жұмыстары қазір жүріп жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттен 2 млн теңге көлемінде көтермеақы үлестіріледі.

Бердимурат Баймухан