Денсаулық сақтау

М.Жұмабаев ауданында 11 мыңға жуық адам вакцинаның толық курсын алған

М.Жұмабаев ауданының орталығында орналасқан мәдениет үйінде балалар мен ересектерге арналған түрлі үйірме жұмыс істейді. Соның бірі – хип-хоп секциясы. Мұнда 6 мен 16 жас аралығындағы ұл-қыздар келіп, заманауи би үйренеді, шеберліктерін шыңдайды. Хореографтары – Бекет Құдайбергенов. Ол тәлімгер ретінде балалардың денсаулығына зор жауапкершілікпен қарайды. Жаз айында жанындағыларға қауіп төндірмес үшін коронавирусқа қарсы екпе салдырыпты.

Бекет Құдайбергенов,  хореограф, М.Жұмабаев ауданы:

Мен балаларды биге үйретемін. Кішкентай ұл-қыздармен байланыста болғандықтан вакцина алдым. Менің ойымша барлық ересек адам вакциналануы қажет. Екпеден кейін ешқандай кері әсер байқалмады.

Індеттен қорғану үшін вакцина салдырып қана қоймай, санитарлық талаптарды да естен шығармау қажет. Жергілікті мәдениет үйінде іс-шаралар әзірге онлайн режимде өткізіліп жатыр екен. Мамандар қалыпты режимге тұрғындардың барлығы бірдей вакциналанғаннан кейін ғана оралмақ ниетте.

Динара Сұрағанова, Булаев қалалық мәдениет үйінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

Жалпы, адамдарды вакцинациялауға шақыру үшін көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түрлі роликтер жасаймыз. Вакцина өзің үшін және жақындарың үшін қажет. Өз басым 2 компонентті де алдым.

Екпе егу науқаны басталғалы М.Жұмабаев ауданында 12 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы препараттың бірінші компонентін салдырған. Ал, 11 мыңға жуық тұрғын вакцинацияның толық курсынан өтіпті. Айта кетейік, бүгінде иммундау шарасы аудандық емханада және мәдениет үйінде жүргізіліп жатыр. Тағы, ауданда 6 мобильді бригада жұмыс істейді.

Дана Ешкенова