Бизнес және экономика

«Бастау» жобасына – 5 жыл

Бұл «Бастау» жобасының алғашқы түлектері жайлы түсірген сюжеттер легі. Бастапқыда мемлекеттік бағдарлама пилоттық болды. Сондықтан, бизнестің қыр-сырын меңгеру мүмкіндігі 5 ауданның тұрғындарына ғана берілді. Олар: Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов пен М.Жұмабаев аудандары. 900-ден астам жерлесіміз тегін курстардан өтіп, 300-ге жуығы 200 АЕК көлемінде грантқа қол жеткізді. Кеше бастаманың қолға алынғанына 5 жыл толды. Осыған орай Елордада Тұңғыш Президенттің қатысуымен форум өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы:

2016-шы жылы кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бастаманы көтерген болатынмын. Мұнда ауыл-аймақтар мен шағын қалаларда өз ісін бастаған кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлу керектігі айтылады. Бастаманың тағы бір негізгі бағыты – жаңадан кәсіп ашқан бизнесмендерді қаржылық сауатылыққа оқыту.

«Бастау»-дың қатысушылар саны жыл сайын еселеп өсіп, жобаның өрісі кеңге жайылуда. Петропавлдық Аяжан Әскерова арнайы курстарға 2019 жылы қатысқан екен. Сол жылдың күзінде қайтарымсыз грант алып, өз ісін ашқан.

Аяжан Әскерова, жекеменшік мектеп директоры:

АЕК грант алдым. Қаражатқа оқушыларға арналған даярлық курсын ашып отырмын. Менталдық арифметика, жылдам оқу, ұзартылған күн тобы және ағылшын сыныптары бар. 4 пен 16 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз.

Арманға қарай нық қадам. Аяжанның кәсібі бірден дөңгелеп кетпеген екен. Бастапқы уақытта орталықта тек 5 оқушы болыпты. Нәзікжандының қолға алған ісі енді-енді дами бергенде індет бас көтереді. Артынша карантин жарияланып, сабақтар қашықтықтан өткізілген.

Аяжан Әскерова, жекеменшік мектеп директоры:

– 2020 жылдың соңына қарай оқушы санын шектеп сабағымызды бастадық. Қазіргі таңда 2 білікті маманымыз бар.

Қазір орыс және қазақ сыныптарының 30-дан астам оқушысына мектептен тыс сабақ беруде.

Бүгін математикадан есептерді шығаруды үйрендім.
– Мен қазір минутқа оқып жатырмын.
– Бір минутта қанша сөз оқисың?
– 76-80 сөз.

Алға қойылған жоспар ауқымды. 25 жастағы кәсіпкер қаладан бөлек, жақында Бескөл ауылында да өз мектебін ашпақ. Биыл Аяжан секілді арманына қол жеткізгісі келетін 850-дан астам солтүстікқазақстандық курстарға қатысуда. Соңғы лектің сабақтары апта соңында аяқталады. Одан кейін қатысушылардың барлығы өз жобасын қорғайды. Үздіктеріне қаржылай қолдау көрсетілмек.

Әсел Самаратова, СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

Биыл «Бастау» жобасының түлектерін қолдауға арналған “Атамекен Қызылжар” микроқаржы ұйымы ашылды. Курсқа қатысушылар 6 пайыздық үстемақымен 7 жылға дейін шағын несие рәсімдей алады. Кәсіп бастағысы келетін азаматтарға бизнес түрлері бойынша ешқандай шектеу қойылмайды. Ең бастысы жобаны дұрыс құру керек.

Жаңадан ашылған микроқаржы ұйымына бүгінге дейін 80-нен астам солтүстікқазақстандық өтінім білдірген. Қазіргі таңда жалпы көлемі 26 млн теңгені құрайтын 9 жоба қаржыландырылған екен.

Маржан Касымбек