Құқық қорғау органдары

6 мыңнан астам петропавлдық көлік салығын төлемеген

Мына “Ниссан” маркалы көліктің иесі мемлекетке 174 мың теңге қарыз. Бұл өсімпұлымен бірге санағанда. 29 жастағы жігіт көлік салығын 3 жыл бойы төлемеген. Ақыры темір тұлпары айып тұрағына қойылатын болды.

Саят Ракишев, қалалық ПБ әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік автокөлік инспекторы:

Бізге мұндай азаматтардың тізімін мемлекеттік кірістер департаменті ұсынады. Сол тізім арқылы жұмыс жасаймыз. Көлік салығын төлемей жүрген жандарды көшедегі камера арқылы анықтаймыз. Бүгін тәркіленіп алынған көліктің иесі мүлкін қарызын өтегеннен кейін ғана әкете алады.

Мамандар мұндай рейдтік шараларға қыркүйектің 3-інен бастап кіріскен. Бүгінге дейін қалада жауапкершіліктен жалтарып жүрген 9 азамат анықталыпты. 2-еуі көліксіз қалудан қорыққан болар жылдап жиналған қарыздарын бір-ақ күнде жауып тастаған. Ал, 7 темір тұлпар айып тұрағына әкетілген.

Гүлнәр Орынбасарова, жеке сот орындаушысы:

Азаматтар көліктерін айып тұрағынан әкету үшін қарыздарын egovadilet.kz және kaspi қосымшасы арқылы төлей алады. Сондай-ақ, осы құралдардың көмегімен жалпы салықтық қарызының көлемін білуге болады.

Жыл сайын көлік салығын көлік иелері желтоқсанның 31-іне дейін өтеулері тиіс еді. Ал биылдан бастап бұл мерзім сәуірдің 1-іне дейін ұзартылыпты. Айта кету қажет, бүгінде қала бойынша көлік салығын төлемеген 6 мыңнан астам адамның қарызы 200 млн теңгеден асады.

Алдияр Айтпаев