Қоғам

Петропавлдағы әйелдер колониясында көгалдандыру орталығы ашылды

Нәзікжандылар кез келген жерге жылулық беріп, жайлы жағдай жасай алады. Арайлым Мамаева хош иісті раушандарды көктемде өз қолымен отырғызыпты. Гүлдер қазір жайқалып, мұндағылардың қуанышы мен жұбанышына айналып отыр. Сол себепті де жазасын өтеушілер табиғат сұлуларын күтіп-баптауға қызығушылық танытады екен. Ал, қыркүйектің басынан бері сотталғандарға арналып көгалдандырудан шеберлік сағаттары ұйымдастырылуда.

Арайлым Мамаева, жазасын өтеуші:

Қыс кезінде астын топырақпен жабу керек екен. Былтыр біз бұлай жасаған жоқпыз. Тұқымымызды сақтап, көктемде отырғыза салдық. Сондықтан, гүлдер көп болған жоқ.

Мекеменің кіреберісінде раушаннан бөлек, ақкекіре мен петуния да бар. Нәзікжандылар биыл гүлдердің тек осы түрлерін өсіріпті. Келесі жылға жоспар ауқымды. Қыз-келіншектер шағын бақшадағы табиғат сұлуларының санын көбейтпек ниетте. Істі бастамас бұрын теориялық сабақ алып, тәжірибе жинақтап жатыр.

Айзада Төлегенова
, жазасын өтеуші:

Менің негізгі мамандығым – «Жерге орналастыру». Осы саланы болашақта дамытып, өз үйімнің айналасын сәндегім келеді.

Қатысушылар мұнда гүлдерді кептіріп, әсемдік бұйымдарын жасауды да үйренеді. Сабақтар аптасына 7 рет ұйымдастырылады. Оған мекемедегі 15 нәзікжанды қатысуда. 10 айдан кейін бұл жандардың барлығына арнайы сертификаттар табыс етіледі. Жазаларын өтеп шыққан соң меңгерген саласы бойынша жұмыс істей алады.

Сәуле Елеусізова, ЕС-164мекемесінің оқытушысы:

Мәселен, қазір қолдан жасалған панно бағалы болып есептелінеді. Студенттер болашақта осы мамандықпен жұмыс істей алады.

Шеберлік сағаттарын колледж мамандары өткізеді. Олар жазасын өтеушілерге көгалдандыру жұмыстарынан бөлек, тігінші, құрылыс және шаштараз мамандықтары бойынша білім береді.

Оксана Вышар, ЕС-164мекемесінің бөлім бастығы:

Былтыр тігіншіліктің, шаш қию мен құрылыстың қыр-сырын 44 адам меңгеріп шықты. Олардың барлығына сертификаттар табыс етілді. Жазасын өтеу мерзімі аяқталғандардың кейбірі қазір алған білімі бойынша еңбек етіп жүр.

Ал, биыл арнайы курстарға қатысушылардың саны 70-тен асқан.

Маржан Касымбек