Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен М.Жұмабаев ауданында болды

“Пальчик” жеке кәсіпкерлігін өңір тұрғындары, әсіресе М.Жұмабаев жұртшылығы жақсы біледі. Бұл кәсіпорын дәмі тіл үйіретін сүт, қаймақ, ірімшік, май сынды өнімдерімен халықтың жоғары бағасын алып жүр. Жақында тізімді дәнді және майлылық көрсеткіші 2 пайызды құрайтын сүзбе толықтырмақ. Аталған тауар түрін шығару үшін басшылық арнайы нысан тұрғызып, заманауи қондырғы сатып алыпты. Қазір көпшілікке таныстыру мақсатындағы ақ әзірленіп жатыр.

Ростислав Пальчик, “Пальчик” ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

Бұл сүзбені зертханаға апарып, сынамадан өткіздік. Сонда өте таза әрі сапалы деген бағаға ие болдық. Шыны керек, ондай нәтижені өзіміз күтпедік.

Кәсіпкер өндірісін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кеңейтті. Яғни, нысан тұрғызып, қондырғы сатып алуға жұмсалған 250 млн теңгенің бір бөлігін мемлекет ұсынған. Оның көмегімен күніне 700 келіге дейін сүзбе әзірлеуге болады. Жоспар бойынша алдағы 2 аптадан кейін аталған өнім тұрғындарға сатыла бастайды. Тауар өңірімізде ғана емес, бас қаламызда да саудаланбақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Қарапайым заттар экономикасы» – кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы бағдарлама. Сол себепті, оны мемлекет басшысы келесі жылға дейін жағастыру туралы шешім қабылдады. Біз – елімізде ең көп сүт өндіретін өңірміз.Осындай жобаларды пайдаланып жұмыс істеу керек.

Бұдан соң облыс әкімі бронх-өкпе патологиясы және ковидтан кейін синдромы бар пациенттерге арналған медициналық оңалту және қалпына келтіру бөлімшесіне ат басын бұрды. Бұл – бұрынғы туберкулез диспансері. Биыл өңірімізде, оның ішінде М.Жұмабаев ауданында аталған жұқпалы індетпен ауыратын науқастардың саны біршама азайғандықтан емдеу мекемесі қайта жабдықталыпты. Маусым айынан бері мұнда 165 солтүстікқазақстандық 12-14 күндік курстан өткен.

Маряш Сейтахметова, Бронх-өкпе патологиясы және ковидтан кейін синдромы бар пациенттерге арналған медициналық оңалту және қалпына келтіру бөлімшесінің меңгерушісі:

Біз емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша өңіріміздің түкпір-түкпірінен келетін жандарды қабылдаймыз. Мұнда адамдарға сапалы қызмет көрсетіледі.

Емдеу бөлімшесі бірнеше залдан тұрады. Әр бөлмеде түрлі медициналық оңалту және қалыпқа келтіру процедурасы жүргізіледі. Жаттығу жасауға да болады. Ол үшін спорттық қондырғылар қойылған.

Бөлімше 30 адамға шақталған. Қазіргі таңда бұл жерде 17 кісі арнайы курстан өтіп жатыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Адамдарды осы жерге көбірек жіберіп, бұл жұмысты міндетті түрде жалғастыру керек. Өйткені, індетке шалдыққан жандарды оңалтуымыз қажет.

Бүгінде өңірімізде 16 тауарлы-сүт фермасы салынып жатса, соның бірі М.Жұмабаев ауданына қарасты Жастар ауылында бой көтеруде. Заманауи нысан “Қызылжар МТС Агро” серіктестігіне тиесілі. Келер жылдың күзінде қолданысқа тапсырылатын нысан 600 басқа шақталған.

Арман Уатаев, “Қызылжар МТС Агро” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

Заманауи ферманы тұрғызу үшін 3 млрд теңге инвестиция құймақпыз. Нысан ашылған соң жергілікті 20 адам жұмысқа қабылданады. Келесі жылы Германиядан симментал тұқымды ірі қара әкелмекшіміз. Корпустардың біріне немістік «елочка» сауу қондырғысы қойылады.

Әңгіме барысында облыс әкімі іскер жанға мемлекеттен көмек көрсетілетінін айтты. Алдағы уақытта мал және қондырғы сатып алу үшін жеңілдетілген несие рәсімделмек. “Қызылжар МТС Агро” серіктестігіне қарасты өндіріс орны ашылса, М.Жұмабаев ауданындағы тауарлы-сүт фермаларының саны үшеуге жетпек. Құмар Ақсақалов мұнымен тоқтап қалмау қажеттігін тілге тиек етті. Аймақ басшысының сөзінше, әр ауданда кемінде 5-6 кәсіпорын болуы қажет. Сонда ауылдар дамиды, тұрғындардың тұрмысы түзеледі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өздеріңіз осы жерде тұрып, бәрін қадағаласыңыздар, адамдарға жалақы төлесеңіздер, жағдай жасаңыздар, жақсы жұмыс істелінеді. Үкімет те көмектесетеді. Жақсы жұмыс жасалса, қолдау көрсетіліп, ауылдар қалыпқа келтіріледі.

Жастар – тамырына қан жүгіріп, дамып келе жатқан ауыл болса, іргедегі Советское – аудандағы ірі елді мекендердің бірі. Мұнда соңғы 2 жыл ішінде шамамен 1 млрд теңге бағытталып, ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді әлі де жүргізіліп жатыр. Мысалы, селодағы 12 көшенің 5-еуіне асфальт төселген, 100 жаңа шам орнатылған. Тұрғындардың бір бөлігі тіршілік көзімен де қамтылыпты.

Қайрат Омаров, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

Советское селосындағы су таратушы желіні қайта қалыпқа келтіру үшін шамамен 563 млн теңге бөлінді. Жоба 2 жылға жоспарланған. Биыл іс толығымен аяқталады. Қазіргі таңда ауылдағы 112 үйдің тұрғындары суды баспаналарына кіргізіп алды.

Қазір Советское ауылында 470 үй бар. Жақында жап-жаңа су таратқыш желі іске қосылып, тіршілік көзі баспаналардың барлығына жетпек. Аймақ басшысы М.Жұмабаев ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде жергілікті дихандармен де кездесті. Іскер жандар гектарынан орташа есеппен 13-14 центнерден өнім алып жатқан көрінеді. Құмар Ақсақалов бұл үстіміздегі жыл үшін жақсы көрсеткіш екенін айта келе, агросектор өкілдеріне табыс тіледі және тұрғындарды жем-шөппен қамтуды тапсырды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауылдық округтердің әкімдері әр үйге барып, қанша жем-шөп әзірленгеніне көз жеткізуі қажет. Кейін, сіздер арқылы тұрғындарды фуражбен қамтуға көмектесу керек. Фураж қымбат болмауы тиіс. Тағы, әлеуметтік нанның бағасын сақтап қалу үшін тұрақтандыру қорына әр аудан 200 тоннадан астық өткізгені жөн.

Құмар Ақсақалов ауыл тұрғындарымен де кездесті. Ахметжан Қанышев – жергілікті мектепте мұғалім. Үйінде мал да ұстайды. Бірнеше бас сиыры, жылқысы мен қойы бар. Оларға жем-шөп әзірлеп қойыпты. Әйелі, қызы үшеуі қысқы мезгілге деп жеміс-жидек, көкөніс, құс етін де дайындаған екен. Сапар соңында өңір жетекшісі күрделі жөндеу көріп жатқан мәдениет үйіне де бас сұқты. Жартығасырлық ғимарат адам танымастай өзгереді. Облыс әкімі іске жауапты жандарға нысанның қасбетіндегі мозаиканы сақтап қалуды тапсырды.

Байболат Култанов