Құқық қорғау органдары

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 170-ке жуық талап арыз түскен

Бұған дейін елімізде сот үш түрлі құқық бұзушылықты қарастыратын. Олар: қылмыстық, азаматтық және әкімшілік. Ал үстіміздегі жылдың шілде айында елімізде әкім­шілік рәсімдік-процестік кодекс кү­шіне енді. Яғни, бұл жаңа заңдар жинағы азаматтардың мүдделерін тиімді түрде қорғауға мүмкіндік берді. Егер тұрғындар қандай да бір органның әрекетімен келіспесе құқықтарын жаңа сот арқылы қорғай алады.

Бердібек Мұстафин
, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

Әкімшілік соттар ашылғанға дейін азаматтардың мемлекеттк органдарға қарсы талап арыздарының сотта 30 пайыздан аспайтын көлемі ғана қанағаттандырылатын болған. Алайда, әкімшілік соттар ашылып, жаңа кодекс күшіне енген кезден бастап бұл жағдай күрт өзгеріп отыр. Енді мемлекеттік органдарға қарсы талап арыздардың көпшілігі, яғни 72 пайыздан астамы қанағаттандырылуда.

Осы ретте айта кетейік, жаңа кодекс қабылданғаннан кейін өңірімізде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ашылған болатын. Бүгінге дейін жергілікті әкімшілік сотқа 170-ке жуық теріскейліктен талап арыз түскен. Соның ішінде 45-і белгілі бір талаптарға байланысты қарастыруға жатпайтындықтан кері қайтарылған, ал 30-ға жуық іс бойынша сот ұйғарымымен татуласу келісімі жасалыпты.

Бердібек Мұстафин, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша азаматтар сотқа 4 түрлі арыз бере алады, оларға дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы, әрекет жасау туралы, құқықты тану туралы. Сотқа түскен талап арыздардың басым көпшілігі дау айту туралы, одан кейін мәжбүрлеу туралы, содан соң әрекет жасау туралы, ал құқықты тану туралы талаптар әлі де түскен жоқ.

Айта кетейік, жаңа сот Брусиловский көшесі, 60 мекенжайы бойынша орналасқан. Арызды электрондық портал арқылы онлайн түрде жолдауға болады немесе мамандардың көмегіне сотқа келіп тікелей жүгінуге болады.

Дана Ешкенова