Қылмыс

Мал ұрлаған үшеу ұсталды

Барымташылыққа ер адамдар алғаш рет өткен жылдың күзінде барған. Нысана ретінде Айыртау ауданына қарасты Қоскөл ауылын таңдапты. Елді мекенге түнде келіп, қораның құлпын бұзып, бір жылқыны айдап әкеткен. Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері село маңындағы орманнан аттың терісі мен ішек-қарнын тапты. Алайда, істі ізін суытпай аша алмады. Ал, ұрылар болса, оңай олжаның дәмін сезініп, қылмыстарын тағы бір мәрте қайталамақ болған.

Биылғы көктемде баукеспелер Егіндіағаш ауылына аттаныпты. Мұнда еркін жайылымда жүрген бұқаны қолды қылған. Алайда, бұл жолы арам ойлары жеңіл ақшамен емес, темір тормен аяқталды. Қыркүйек айында Көкшетау қаласының 3 тұрғыны құрықталды.

Азат Құсайынов, СҚО ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:

– Бұл қылмыстарды ашу ерекше бақылауда болды. Ұрлық фактілері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188,1-бабы 3-б. «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде. Баптың санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Жалпы, жыл басынан өңірде 24 мал ұрлығы тіркелген. Әзірге, 20 қылмыстың беті ашылған.

Эльмира Садвокасова