Спорт

Кикбокстан өткен Әлем кубогында өңір спортшылары сәтті өнер көрсетті

Ел мерейін Венгрияның астанасында асырған жігіттерді туған-туыстары, достары осындай сән-салтанатпен қарсы алды. Поезд маңында шырқалған әннен құлақ тұнады.

Жаһандық жарыста Қазақстан құрамасының мүшесі Аслан Асылбеков 60 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, алтыннан алқа тағынды. Осылайша, спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

Аслан Асылбеков, кикбокстан Әлем кубогінің жеңімпазы:

Бүгін осында келіп, құрмет көрсетіп жатқан жақындарыма алғыс білдіремін. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Күш сынасқан 4 қарсыласымның барлығы жарысқа жақсы дайындықпен келген. Финалда германиялық спортшыны тізі бүктірдім. Әлем кубогінде көрсеткен нәтижеме өте ризамын.

Аслан Асылбековпен бірге бұл додаға Данияр Жарасов та барды. Бұл оның халықаралық деңгейдегі алғашқы жарысы. Соған қарамастан спортшы қола медаль еншіледі. 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жалынды жастың жолын жартылай финалда Ресей елінің өкілі кесіпті.

Данияр Жарасов, кикбокстан Әлем кубогінің қола жүлдегері:

Бәрі ойдағыдай өтті. Өзімнің бапкерлеріме алғысымды білдіремін. Бұл жарысқа ұзақ дайындалдық. Қазір еңбегіміздің жемісін көрін отырмыз. Енді алдағы додаларға дайындалатын боламын.

Енді спортшылар Әлем чемпионатына дайындалады. Жоспар бойынша байрақты бәсеке қазан айында Италия елінде өтуі тиіс.

Алдияр Айтпаев