Аптадағы маңызды жаңалықтар

Нұротандықтардың уәделері қаншалықты орындалуда?

Өңірдегі орташа жалақы – 178 мың теңге. Бұл нұротандықтардың сайлауалды бағдарламасы аясында қол жеткізген индикаторларының бірі. Тағы бір оң көрсеткіш – жаңа жұмыс орындарының артуы. Жыл басынан бері облыста 12 мың адам екі қолға бір күрекпен қамтылған. Экспортты алмастыратын әрі әлеуеті жоғары кәсіпорындардың қатары ламинатталған фанера комбинаты, жұмсақ контейнерлер шығаратын фабрика мен изотермиялық термос вагон зауытымен толықты. Бүгінде «Радуга» компаниясының қағаз шығаратын фабрикасы мен «Кірпіш СК» серіктестігінің кірпіш зауыты бой көтеруде. Бұл – өнеркәсіп саласындағы жобалардың тек бір парасы ғана.

Қуанышбек Қалижанов, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында 3 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының қатысуымен “Claas” пен Петропавл электротехникалық зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек, «Тайынша Май», «Радуга» мен «Максимальный размах CORPORATION» серіктестіктерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Инвестициялар көлемі шамамен 3 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде қосымша 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы нәтижелер де көңіл қуантады. 8 айдың қорытындысы бойынша ет пен сүт өндірісі бойынша өсім байқалады. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта тағы да еселей түспек.

Қуанышбек Қалижанов, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Үстіміздегі жылы 10 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы, жылына 6 мың тонна бройлер етін өндіретін 2 құс фабрикасы салынуда. Шошқа кешенін 100 мың басқа дейін кеңейту жұмыстары аяқталды. Қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыруға бағытталған «МаслоДел» және «Евразиан милк» сүт зауыттарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Халыққа берген уәделеріне сәйкес, нұротандықтар арнайы жол картасын әзірлеген болатын. 7 бағыт бойынша 129 шараны тындыру көзделген. Дәл осындай міндеттер әрбір ауданға да жүктеліп отыр. Алға қойылған мақсаттарға жету бойынша М.Жұмабаев пен Жамбыл аудандары көш басында. Соңғылары жоспарланған 70 істің 45-ін, яғни 65 пайызын біржақты етіпті.

Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі:

– Пресновка селосында жылқы фермасы іске қосылды. Сондай-ақ, аудан орталығында балық өнімдерін өңдеу бойынша цех жұмысын бастады. Алдағы уақытта қуаттылығын арттыру жоспарланып отыр. Благовещенка ауылында асыл тұқымды қой өсіру жөнінде жоба іске асырылуда.

Сайлауалды бағдарламаның екінші бағыты бойынша елді мекендерге апаратын және селоішілік жолдар жөнделуде. Сондай-ақ, ауылдағы ағайынның тіршілік көзіне деген қолжетімділігін барынша арттыруға да басымдық берілген. Қысқасы атқарылып жатқан жұмысқа оң баға беруге болады. Ал, Тимирязев ауданын бұлай мақтауға келмес. Нұрлан Кеңесов басқарған өлке көш соңында. Жыл соңына дейін жоспарланған 45 шараның тек 13-і ғана жүзеге асырылыпты. Тағы 29-ын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Ал, үшеуінен аудан әкімі мүлдем бас тартпақ ойда.

Нұрлан Кеңесов, Тимирязев ауданының әкімі:

– Биыл дәнді дақылдар бойынша әр гектардан 15 центнерден өнім жинауды көздеген болатынбыз. Бұл көрсеткішті 10-ға дейін жеткізсек, соған да разы боламыз. Майлы дақылдарға қатысты жағдай да осындай. Орташа шығымдылық 8 центнер деп белгілеген едік, қазір 6-ның шамасында. Үшінші шара “Еңбек” бағдарламасына қатысты. Биыл аталған жоба аясында тұрғын үйлер салған жоқпыз.

Халыққа берілген әр уәде орындалуы тиіс. Спикерлердің баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай деді.

Құмар Ақсақалов, «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі

– Облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары әрбір сала бойынша атқарылатын шаруаға жауап береді. Сіздерді де шаралардың орындалу барысын бақылауға тартқым келеді. Бюро мүшесі болу – беделді әрі маңыздылығы жоғары іс. Сондықтан, жұмысты атқарушылармен бірге жауап беретін боласыздар.

Бюджеттен бөлінген қаражат халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалуы тиіс. Осы орайда экономика басқармасына атқарылып жатқан әрбір жоба мен шара бойынша толық сараптама жүргізу тапсырылды.

Эльмира Садвокасова