Қоғам

Өзбекстаннан қоныс аударған ағайын көкөніс егумен айналысады

Отағасы Қуандық Жалымбетов бақшасында жаз бойы бел жазбай еңбек етеді. Қазір де тірлік қызу. Күзгі жиын-терім жұмыстарына кіріскен. Сәбіз, асқабақ, картоп, бұрыш, қызанақ пен қияр. Мына алақандай ғана жерде көкөністің түр-түрі өсірілген.

Қуандық Жалымбетов, Успенка ауылы, М.Жұмабаев ауданы:

– Биыл сәбіз, орамжапырақ ектім. Қияр мен қызылша ектік. Жылда осылай 10 сотық егеміз. Одан 1,5 тонна сәбіз аламыз.

Қуандық Жалымбетов Өзбекстанда да бағбаншылықпен айналысыпты. Көкөніс пен жеміс өсірудің қыр-сырын ала шапанды ағайындардан үйренген екен. Қазір білген-түйгенін теріскей жерінде іске асыруда. Айтуынша, солтүстіктің топырағы берекелі, егістікпен айналысу үшін таптырмас орын. “Мұнда көрші мемлекеттегідей химиялық тыңайтқыштарды қолданудың да қажеті жоқ”,- дейді.

Қуандық Жалымбетов, Успенка ауылы, Мағжан Жұмабаев ауданы:

– Жер ұнайды, өте құнарлы екен. Малдың астынан алған тезекті сеткадан өткізіп, жерді тыңайттым. Биыл жаз ыстық болды. Сосын суды үйдің қасындағы көлден насоспен тарттырдым.

“Әке көрген оқ жонар” демекші баласы Жамбыл да көкөніс еккенді ұнатады. Сүйікті өнімі – қызанақ. Биыл күн ерте суытты. Осы орайда оны ертерек жинап алу қажет дейді. Әтпесе үсіп кетуі мүмкін.

Жамбыл Юлдашев, Успенка ауылы, М.Жұмабаев ауданы:

– Қызанақ егуді әкем үйреткен. Жаз бойы қасында жүріп еңбек етемін. Көктемде көшет отырғызамыз. Жаз шыққанда бақшаға әкелеміз. Қызанақ жақсы өсуі үшін оны уақытылы суарып отыру қажет.

Терілген өнімді Қуандық Жалымбетов сарайдың ішіне әкеліп орналастырады. Осы жерде біраз уақыт кептіріп алу қажет екен. Ал, піспеген көкөністер болса сабаған жұлынған соң ары қарай қызарады. Кейін жертөлеге түсіріледі. Кейін, отанасы Кәмила апай көкөністерді қысқа тұздап, дәмі тіл үйіретін тағамдар жасайды.

Кәмила Уразова, Успенка ауылы, М.Жұмабаев ауданы:

– Мұнда салат, капуста, қызанақ, бұрыш пен сәбіз бар. Былтыр 60 шақты банка жаптым. Биыл күн ерте суытып үлгермей жатырмыз.

Аға-жеңгеміздің 6 баласы бар. Үлкендері өз алдына жанұя құрып кеткен. 2 қызы қалада оқуда. Айта кеткен жөн, жерлестеріміз бағбаншылыққа тек хобби ретінде қарайды. Биыл 10 сотық жерден 3 жарым мың тоннадан аса өнім алмақшымыз дейді. Көкөністерді өздері үшін егеді екен. Артылғанын сатады немесе көршілеріне береді. Бүгінде отағасы ауылда ветеринар дәрігер болып қызмет етеді. Ал зайыбы кәсіпкерліктің қыр сырын меңгеріп жатыр. Жақында ауылда массаж жасайтын салон ашпақшы.

Бердимурат Баймухан