Құқық қорғау органдары

Өңірде “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде

Петропавл тұрғыны бір ай бұрын Бөкетов көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінен пәтер сатып алған. Ал таяу арада жаңа қожайын қол жуатын жердің астынан тапанша тауып алады. Қару пакетке ораулы болыпты. Тексеріс барысында бұл газ тапаншасы екені белгілі болды. Қару сараптамаға жіберілді. Аталған факті “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында анықталып отыр. Акция барысында мамандар жасөспірімдерге қатысты заңбұзушылықтарды да тіркеген.

Жалпы, “Учаске” жедел-алдын алу шарасы барысында тәртіп сақшылары 20 күннің ішінде заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүрген кәмелетке толмаған 100-ден астам баланы ұстаған. Нәтижесінде 60-тан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сейілбек Елжасов, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Іс-шаралардың ең негізгі мақсаттардың бірі – тұрып жатқан пәтерлердің иелерін анықтау. Мысалы, жалға берілген пәтерлер бар, сол пәтерлерді анықтау және бұрын сотталғандарды тексеру және есепте тұрған жасөспірімдерді тексеру мақсатында осы іс-шара өткізілуде.

«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында барлығы облыс көлемінде 1300-ден аса түрлі құқықбұзушылық анықталған.

Дана Ешкенова