Қоғам

Облыс әкімі онлай қабылдау өткізді

Смирново ауылының тұрғыны Нәдия Көкеева облыс әкіміне жалғыз өзінің ғана емес, көршілерінің де базынасын жеткізді. Келіншектің сөзінше жергілікті «Ертегі» серіктестігінің элеваторы үйлерге өте жақын орналасқан. Кәсіпорын қазіргі қауырт кезеңде күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Көкке үнемі шаң көтеріледі. Шудан құлақ тұнады дейді.

Нәдия Көкеева, Аққайың ауданының тұрғыны:

– Элеваторлар толық қуатта жұмыс істейді. Күндіз-түні астықты кептіру жұмыстары жүргізіледі. Техника гүрілі тыныштық берер емес.

Бұл мәселе бойынша экология департаменті тексеріс жүргізіп, тиісті нормалардың бұзылғандығын анықтаған. Осы ретте сотқа талап қою арызы жолданыпты. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өз кезегінде ешқандай заңбұзушылық тіркемеген.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әрине, сізді түсінемін. Шаң, шу, оның үстіне үнемі көліктер жүреді. Бірақ, бекітілген талаптар бар. Сізді тексеріс жұмыстарына қатысуға шақырамын. Аудан әкімі де серіктестік басшылығымен әңгімелесіп, мәселені шешуі тиіс.

Қызылжар ауданына қарасты Кондратовка ауылының тұрғыны өңір басшысына бірден бірнеше сауал қойды. Әсия Әбілеваны бірінші кезекте тозығы жеткен жолдың жағдайы алаңдатады. Екінші мәселе – село мен облыс орталығы арасында жүретін автобустың жоқтығы. Қос проблема көп ұзамай шешіледі. Алдағы қазанда жол жөнделеді. Осы айда қоғамдық көлік те қатынай бастайды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қалада жүретін қоғамдық көліктерге валидаторларды орнату аяқталды. Қолма-қол төлем жасау қымбатқа түседі. Ал, карточкамен есеп айырысу – 80 теңге. Қазан айынан бастап сіздерді валидаторлары бар осындай автобус тасымалдайтын болады.

Ауыл тұрғындарын медициналық қосынның жоқтығы да алаңдатады. Әзірге, фельдшер әр үйді аралап жүріп қызмет көрсетуге мәжбүр.
Облыс әкіміне денсаулық сақтау басқармасының басшысы хабарлағандай, фельдшерлік-акушерлік пунктке арналған ғимарат сатып алынады. Қазіргі уақытта мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр екен.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жұмыстарға шамамен 2 млн теңге қаржы жұмсалуы тиіс. Ауылдың дәл ортасында орналасқан ғимаратты сатып алу керек. Сонда ғана медициналық көмек тұрғындардың барлығына бірдей қолжетімді болады.

Қоғамдық қабылдауда дәрі-дәрмекмен қамту жайы да сөз болды. Бүгінде Кондратовка ауылының тұрғындары тиісті препаратты алу үшін аудан орталығына барады екен. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға қажеттінің барлығын ауылға жеткізу туралы тапсырма берді.

Байболат Култанов