Энергетика

Электр жүйесіне қосылу уақыты қысқартылды

Қазақстанда электр жүйесіне қосылу уақыты қысқартылды! Бұрын белгілі бір нысанға энергия 100 күннен асып барып берілсе, қазір 71 күннің ішінде жетеді. Нақтырақ айтсақ, бүгінде қуат көзіне қол жеткізу үшін 6 кезеңнен тұратын шаруаны тындыру қажет. Алғашқысы – жауапты компанияға өтінім беру және техникалық шартты алу. Соңғы аталған құжат міндетті түрде 5 күннің ішінде рәсімделуі тиіс.

Одан кейін – жобаны жасау және келісу. Ал, 3-ші саты – қазба жұмыстарына рұқсат алу. Бұдан соң – электрмонтаждау ісінің аяқталуын күту. Содан кейін барып тапсырыс беруші энергияны өлшеу қондырғыларын пломблатып, тиісті актіні алуы қажет. Ең соңында электрмен жабдықтау келісімшартын жасасқан жөн.

Жәмила Әбдіқасымова, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы:

– Ескерте кеткен жөн, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, энергетика кәсіпорындары техникалық шартты беру барысында тәртіп бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, техникалық шарттарды беруден және құжаттарды қабылдаудан бас тарту фактісі тіркелсе, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Байболат Култанов