Білім

Мамандықты қалай таңдау керек?

Қандай мамандық таңдайын? Жоғарғы сыныпта білім алатын оқушылардың басым бөлігін осы сұрақ мазалайды. Уақыт зымырап барады. 8 айдан кейін ҰБТ тапсыратын кез де жетеді. Өмірдегі ең маңызды шешімді Арайлым Сағындықова жақында қабылдаған екен. Арманы – психология саласын меңгеру.

Арайлым Сағындықова, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық
гимназиясының оқушысы:

– Мен психология саласын таңдап отырмын. Елімізде аса қажетті мамандық деп ойлаймын. Тұлға болып қалыптасуыма да пайдасы мол.

Арайлым болашақ мамандығын өз бойындағы қабілеті мен икеміне қарай таңдаған екен. Арманын жүзеге асыру үшін тынбай білім алуда. Ал кей оқушылар бұл сұрақтың жауабын әлі таба алмай жүрген көрінеді. Бұған көп жағдайда ата-аналар себепші болады дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Аятжан Ахметжанұлы, республикалық «Qazbilim» орталығының негізін қалаушы:

– Мамандық таңдауға қатысты екі түрлі пікір айтатын едім. Кей оқушылар өздері таңдайды. Ал басқалары мамасы таңдаған жолмен жүреді. Ата-аналар өзінің орындай алмаған арманын баласы арқылы жүзеге асырғысы келеді.

Жүрегі қаламаған жұмысты істеуге құлшынысы болмайды, көп қателік жіберіп, ақыр соңында күйзеліске ұшырайды. Дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алмаған адам іштей өзін кінәлі сезінеді екен. Ал мұндай жандардың қандай да бір табысқа жетуі қиын.

Аятжан Ахметжанұлы, республикалық «Qazbilim» орталығының негізін қалаушы:

– Ата-аналарға айтарым, балаңыз қателесіп жатса да таңдауды өзі жасауына мүмкіндік беріңіз. Ертеңгі күні сұрақты өзіне қояды.

Аятжан Ахметжанұлы мамандықтан қателесуді трагедияға айналдырмаған жөн дейді. Қазір техника дамыған заманда бұл тығырықтан шығатын жолдар көп. Бар-жоғы – оны іздеу керек.

Аятжан Ахметжанұлы, республикалық «Qazbilim» орталығының негізін қалаушы:

– Бұрын бір жерде 30 жыл жұмыс істеу жетістік еді. Қазір олай емес. Цифрландыру технологиялары қаншама мамандықты қысқартып жатыр. Ісінен айырылған адамдар кез келген жағдайдан оңай шығуды үйренулері керек.

Ал баланың жан-жақты болып өсуі үшін не істеу керек? Ол үшін ең алдымен шешімді қабылдау еркін өзіне беру қажет. Сонда тиісті жолды өзі тауып алады.

Маржан Касымбек