Қоғам

Ботаникалық бақта пленэр өтті

Ботаникалық бақтың ішінде жасанды көлшік бар. Мұнда бірқазан, дала үйрегі сияқты құстардың бірнеше түрі мекен етеді. Судың жағасында жатқан қанаттыларды Дәния есімді жас суретші қағаз бетіне түсіруде. Жеткіншекке осылай табиғат аясында таза ауамен тыныстап сурет салған ерекше ұнайды екен.

Дәния Мергалимова, Бейнелеу өнері мектебінің оқушысы:

– Ботаникалық баққа алғаш келіп тұрмын. Өзіме бұл жер қатты ұнады. Өсімдіктер, жануарлар мен құстардың түрі-түрі бар. Бақтың атмосферасы ерекше шабыт береді.

Тимур Баязитов Ботаникалық бақтың жолында жатқан саябақты қағаз бетіне түсіруде. Жас қылқалам шебері бұл жерді бекерден-бекер таңдамапты. Ол шағын саябақтан сәулет элементтері мен әсем табиғаттың ерекше үйлесімділігін байқаған екен. Сурет салуға берілгені соншалық, тіпті, себелеп тұрған жаңбырға алаңдайтын емес.

Тимур Баязитов, Бейнелеу өнері мектебінің оқушысы:

– Өзім көп нәрсеге қызығамын. Бақтың ішінде де біраз нәрсені байқадым. Сондықтан, бүгін бірнеше туындыға жан бітеді дер едім. Мен үшін табиғат – ең керемет суретші. Оны шеберліктің қандай шыңына шықсаң да дәлме-дәл суреттеу мүмкін емес.

Ботаникалық бақта суретшілердің қатысуымен пленэр жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл іс-шара жуырда өмірден озған Равиль Рязаповты еске алуға арналып отыр. Көпшілікке жақсы мәлім, облыстың Құрметті агрономы ұзақ жылдар бойы баққа жетекшілік етті, оның дамуына сүбелі үлесін қосты.

Артур Рязапов, Ботаникалық бақтың директоры:

– Равиль Хасанович бұл жерге 12 жасында келді. Бақты көркейту үшін өзінің 50 жылдан астам өмірін сарп етті. Түрлі қиындықтарды бастан өткерді. Оранжереяны 90-шы жылдары жарық пен жылу болмаған кезде де сақтай білді. Бүгінде ботаникалық бақта өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі бар.

Жалпы, пленэрге өнер мектебі мен «ЮНЕСКО» клубының 40-қа жуық оқушысы қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша кейбір суретшілердің жұмысы ботаникалық бақта сақталып қалмақ.

Алдияр Айтпаев