ТКШ

“Бірге – таза Қазақстан” экологиялық акциясы өтті

Пластик ыдыстар, полиэтилен пакеттер, қаңылтыр мен шыныдан жасалған құтылар. Бұл – қоршаған ортаға көп зиян тигізетін қоқыс түрлері. Себебі, олар 100 жылдан 10 ғасырға дейін жер бетінде шірімей жата береді. Әр апта сайын еріктілер мен экология департаментінің өкілдері сенбілікке шығып аталған заттарды қап-қаптап жинайды.

Толқын Жүнісова, СҚО экология департаментінің бас маманы:

– Бүгінгі шараға отбасымызбен қатысып жатырмыз. Баламызды осылайша қоршаған ортаны қорғауға үйретемін. Өзге адамдар секілді жүрген жерінде қоқыс тастамасы үшін қазірден бастап дұрыс тәрбие беру керек. Сонда қоршаған ортаға деген қамқорлық турасында түсінік қалыптасады.

Бүгін мамандар қаладағы су торабының маңын тазалауда. Себебі, бұл жерге тұрғындар демалуға көп келеді. Әсіресе, жазғы уақытта. Біреу су жағасында балық аулап, шай ішсе, басқасы жардың төбесінен кешкі табиғаттың бейнесін тамашалайды. Бірақ, тұрғындар сол әсем ортаны өз қолдарымен ластап жатқанын білмейді.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:

– Пластик пен полиэтилен қалдықтары 150-200 жылға дейін шірімей жата береді. Жауын шашын кезінде жер қалдықтары жерге сіңіп, суды ластайды. Сол себепті, отырған жердегі қоқысты алып кету қажет.

Жалпы, «Бірге – таза Қазақстан» акциясына жергілікті атқарушы органдар мен мектеп ұжымдары, кәсіпкерлер мен еріктілер қатысты. Табиғат жанашырлары топ-топқа бөлініп, қаланың түкпір-түкпірін тазалады. 1 күнде олар 31 тонна қоқыс жинап, іріктеді. Осылайша 50 қап пластикті қайта өңдеуге жіберді.

Бердимурат Баймухан