ТКШ

Бармашы өзені арқылы өтетін көпір жөнделуде

Бұл – Якорь мен Соколовка ауылдарын жалғайтын республикалық маңызы бар көпір. Нысан осыдан 41 жыл бұрын қолданысқа берілген. Содан бері бірде-бір күрделі жөндеу көрмепті.

Қанат Өсербаев, “ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Биыл тексеріс кезінде көпірдің апаттық жағдайда екені анықталды. Қазір крделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Шаруаны «Көкшетауавтодор» және «АльфаСтройГрупп» серіктестіктері атқаруда.

Іс тамыз айында бастау алған екен. Қазір 30-ға жуық маман 2 топқа бөлініп тер төгуде. Алғашқы құрам жаңа көпірдің өзін тұрғызып жатыр, ал келесі ұжым нысанға дейінгі жолға асфальт төсеуде.

Бексұлтан Бегайдар, «АльфаСтройГрупп» ЖШС операторы:

– Жұмыс таңғы 8-де басталады. Кешкі 7-7:30-ға дейін істейміз. Жалақысы ойдағыдай. Төсеуіш техникада – операторымын. Асфальттың қалыңдығы мен енін бақылаймыз. Материал көп не аз болмауы керек. Нормаға сай істейміз.

Мамандар бүгінге дейін 300 метр жолдың астыңғы қабатын қырып, әзірлеп қойған екен. Оның жартысына асфальт та төсеп үлгеріпті.

Мағжан Сауытбаев, «АльфаСтройГрупп» ЖШС директорының орынбасары:

– Материалдарды қаладан және Көкшетаудан әкеліп жатырмыз. Іс жоба бойынша жүріп жатыр. Шаруаның 40-50 пайызы атқарылды.

Көпірдің ұзындығы 60 метрді құрамақ. Бұл бұрынғысын 2 есеге ұзын. Нысан 2 жолақты болады. Әрбіреуінің ені 3 метр 71 см-ді құрамақ. Істің дұрыс атқарылуын арнайы сарапшылар бақылап жүр.

Ерлан Сауқымбаев, “Сапа СЗ” ЖШС бас сарапшысы:

– Көпір мен жолдың сапасын үздіксіз бақылап отырамыз. Қандай материалдың қанша мөлшерде қолданылып жатқандығы тексеріледі. Себебі, асфальттың сапасы қоспаның дұрыс әзірленуіне тікелей байланысты. Бүгінге дейін бірде-бір олқылық анықталған жоқ.

Ауқымды істі атқаруға облыстық бюджеттен 502 млн теңге бөлінген екен. Шаруа келесі жылдың жаз айларында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Маржан Касымбек