Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әлеуметтік нан қымбаттамайды

Жауын-шашынсыз мамыр мен маусым солтүстікқазақстандықтардың бойына үрей ұялатқаны сөзсіз. Дегенмен, орақ науқанының көрсеткіштері биылғы жаз үшін жаман емес. Есіл ауданына қарасты “Қозбаев и К” серіктестігі егінді тамыздың 17-сінен жинауға кіріскен.

Баян Барлубаев, «Қозбаев и К» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Бидайдың сұрпы өте жақсы, Омская-36. Дәл осы алқаптан 18-20 центнерден өнім жинаймыз деп отырмыз. Себебі, егістік науқаны барысында ауа райын ескеріп, дақылды мезгілінен кештеу отырғыздық. Осылай топырақтағы ылғалды сақтап қалдық әрі минералдық тыңайтқышты молынан септік.

Ал, мамырдың орта кезінде егілген егін көңіл көншітпейді. Жауын-шашынның жоқтығын алтын дән қатты сезінді. Сондықтан, серіктестіктің орташа шығымдылығы 14-15 центнерді құрамақ. Бұл – бүгінде Есіл ауданындағы аграрийлер үшін қалыпты көрсеткіш. Десе де, диқандарға келген шығын толық өтеледі деп күтілуде. Алдын ала болжамға сәйкес, биыл бидайдың тоннасын аграрилер 105-110 мың теңгеден өткізбек.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бидайдың бағасы өскенімен, әлеуметтік нанның құны өткен жылдың деңгейінде қалуы тиіс. Әсіресе, қала тұрғындары үшін оны қымбаттатуға болмайды. Бағаны тұрақтандыру қорына да азық-түлік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Биыл тауарларды өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға көбірек алудамыз. 2020-да 6 жарым мың тонна өнім болса, биыл көрсеткіш 9 мың тоннадан асады.

Көктемде болған әбігерге салынушылық ескеріледі. Әңгіме – картоп турасында. Жергілікті аграрилер көкөністі молынан өсіргенімен, биыл ол солтүстікқазақстандықтардың дастарханына жетпеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аграрийлер өсірген өнімді бірден жан-жаққа саудалап жіберген. Алдағы уақытта мұндай олқылық орын алмасы үшін бағаны тұрақтандыру қорына 2 мың тонна картоп сатып алынды. Құны 1 келісі үшін 95 теңге шамасында болады.

Қысқы мал азығын дайындау мәселесі де – күн тәртібінде. Ауылдық округ әкімдеріне әр тұрғынның үйіне барып, қанша мал басы барын анықтау тапсырылып отыр. Ағайын төрт түліктің санына сәйкес жем-шөппен қамтылады. Бұл ретте өңір жетекшісі аграрилерді қиын кезеңде халыққа көмектесуді шақырды. Күзгі дала жұмыстары аяқталысымен, егістікке дайындық басталады. “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігі көктемгі науқанға әзірлікті мықтап қолға алған. Келесі жылы диқандар мол өнімге кенелуді жоспарлап отыр. Себебі, жақын арада құны 750 млн теңге болатын ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымын өндіретін зауыт іске қосылмақ.

Александр Фадеев, “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Бұл желі астықтың барлық түрлерін тазартудан өткізе алады. Яғни, бұршақ тұқымдас, дәнді мен майлы дақылдарды өңдейтін боламыз. Қазанның 10-ы кезінде зауытты іске қосамыз деген жоспар бар. Ал, екі аптадан соң толық қуаттылығына көшеміз. Өндіріс ошағында айына 6 мыңнан 8 мың тоннаға дейін тұқым өңделеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір аграрилерінің қолданысындағы қондырғылар дәндерді әр түрлі сұрыптайды. Ал, бұл желі тек шығымдылығы жоғары тұқымды іріктеп алмақ. Сәйкесінше, жер жарып шыққан дақылдың биіктігі, қазіргідей біреуі ұзын, біреуі аласа емес, бір деңгейде болады. Бұл орақ науқанында өнімді барынша шығынсыз жинап алуға мүмкіндік береді.

Зауытта сұрыпталған тұқымның сапасы екі есеге артпақ. Себебі, дән бірнеше кезеңдік тазалаудан өтіп, зиянкестерден өңделеді. Оң өзгерістер жергілікті агроқұрылымда ғана емес, Корнеевка селосының өзінде де орын алуда. Биыл мұндағы мәдениет үйі мен мектеп күрделі жөндеуден өтті. Білім ошағы 1974 жылы бой көтеріпті. Содан бері қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Үстіміздегі жылы нысанның шатыры, есіктері мен едендері ауыстырылып, қабырғалары жаңартылыпты. Шаруаға “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында 149 млн теңге бөлінген.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі:

– Корнеевка селосындағы 5,8 км жол қалыпқа келтірілді. Шаруаға 208 млн теңге бағытталды. 111 млн теңгеге мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ауыл бойынша жиектастар мен жарықтандыру жүйесі ауыстырылуда. Жалпы, соңғы екі жылдың ішінде аталған елді мекенді дамытуға 450 млн теңге жұмсалды.

Биыл Есіл ауданындағы елді мекендерді өркендетуге үкіметтен 1 млрд 459 млн теңге бөлінген. Қаражатқа әлеуметтік маңызы бар нысандар жөнделіп, су мен жолдың мәселесі шешілуде.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үстіміздегі жылы өңір ауылдарында 300 шақырым су желісі жөндеуден өтті. 43 білім, 22 мәдениет нысаны қалыпқа келтірілді. Жыл сайын бұл көрсеткіштерді арттыратын боламыз. Мемлекеттен бөлінетін қаржыны барынша елді мекендерге бағыттау қарастырылған.

Ауылдағы ағайынға мемлекетпен бірге жергілікті бизнесмендер де көптеп көмектесуде. Мәселен, “Азия-Таранғұл” серіктестігінің басшысы Петр Гольцер қазір ескі балабақшаны қалыпқа келтіруде. Ғимарат 97-ші жылдан ден бері тұралап қалған. 2022 жылдың шілдесінде нысан тұрғын үйге айналмақ. 12 пәтерді жомарт жан жалғызілікті қариялар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға үлестірмек. Шаруаға іскер азамат 250 млн теңге көлемінде жеке қаржысын бағыттаған.

Эльмира Садвокасова