Денсаулық сақтау

213 мыңнан астам солтүстіқазақстандық толық вакциналанған

2020 жыл. Елді індет әбігерге салып, тұрғындардың басым бөлігі далаға шыға алмай, оқшауланған кезде оларға азық-түлік апарып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен – волонтерлер. Дәл осы жандар қиын-қыстау кезде аянбай еңбек етті. Өздерінің, жақындарының өмірлерін қатерге тікті. Солардың бірі – Дамир Абдин.

Дамир Абдин, волонтер:

– Біз вирус алқымнан алған уақытта қорықпай оқшауланған үйлерге барып жүрдік. Өз басым коронавирус жұқтырған 90 отбасыға көмек көрсеттім. Тұрғындар 14 күн бойы үйде отырғанда керек-жарақтарын апарып бердім.

Қауіп-қатердің ортасында жүрген Дамирдің өзі коронавирус жұқтырмапты. Дегенмен, “сақтансаң сақтайды” демекші 25 жастағы жігіт ақпан айында иммундау шарасы басталғанда-ақ вакцина алып алған екен. “Екпені тек өзім үшін ғана емес, жақындарым үшін салдырдым”, – дейді белсенді.

Дамир Абдин, волонтер:

– Мен – солтүстікқазақстандықтардың арасында бірінші болып вакцина алғандардың бірімін. Екпеден кейін ешқандай кері әсер байқалмады. Ата-анама, бауырларыма, достарыма да екпе алыңдар деп кеңес бердім. Өйткені, вакцина қабылдау арқылы ғана қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік бар.

Бүгінде 6 млн-нан астам қазақстандық иммундау шарасының толық курсынан өткен. Оның 213 мыңнан астамы – солтүстікқазақстандықтар.

Дана Ешкенова