Құқық қорғау органдары

Тайынша ауданындағы кәсіпорыннан 44 тонна жасымық ұрланған

Өздері еңбек ететін кәсіпорыннан астық жымқырған. Тайынша ауданына қарасты Многоцветное ауылындағы серіктестіктердің бірінен 40 тонна жасымық ұрлаған 2 ер адам ұсталды. Тәртіп сақшылары оларды жедел іздестіру іс-шаралары барысында анықтапты. Тергеп-тексеру кезінде күдіктілердің агроқұрылым жұмысшылары екендігі анықталды. Осыған дейін де 4 тонна жасымықты көрші ауыл тұрғындарына жасырын сатып, ақшасын қалталарына басқан. Кәсіпорынға келген шығын көлемі 11 млн теңгені құрайды. Ұрланған өнімнің бір бөлігі қайтарылды. Аталған факті ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баукеспелер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Руслан Назаров, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Жедел-профилактикалық іс-шара аясында облыстың полиция қызметкерлері жалпы салмағы 62 тоннадан асатын дәнді-дақылдарды ұрлаудың 3 фактісін анықтады:Ғабит Мүсірепов ауданда – 11 тонна бидай, Тайынша ауданында 40 тонна жасымық, Жамбыл ауданында 10 тонна бидай ұрланған. Сондай-ақ, жанар-жағармай материалдарын ұрлау фактілері де анықталды. Барлық фактілер бойынша күдікті тұлғалар ұсталды, ұрланған заттар алынып, тиістілігі бойынша қайтарылды.

Бердимурат Баймухан