Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысы өтті

Әкімдік отырысы кадрлық тағайындаудан басталды. Облыс әкімінің үкімімен Бақытжан Бекіш жер инспекциясы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ал, статистика департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Қуанышбек Қалижанов енді экономика басқармасы басшысының қызметін атқармақ. Бұдан соң күн тәртібіндегі мәселе қаралды. Қаузалатын тақырып – он жылда бір рет ұйымдастырылатын Ұлттық халық санағы. Көпшілікке жақсы мәлім, бүгінде ел аумағында маңызды науқан өткізіліп жатыр. Бірқатар деректер де белгілі.

Марал Нұржауыпова, СҚО статистика департаментінің басшысы:

– Қыркүйектің 1-і мен қазанның 15-і аралығында қазақстандықтар санақтан онлайн түрде өте алады. Ол үшін 3 ресурс жұмыс істеп тұр. Олар: Sanaq.gov.kz, eGov.kz және Aitu мобильді қосымшасы. Бүгінгі таңдағы статистикаға сүйенсек, 92 561 өңір тұрғыны электронды түрде санақтан өткен. Бұл – күллі солтүстікқазақстандықтардың 17,1 пайызы. Жұртшылықты онлайн санақпен қамту бойынша өңіріміз қазір 17 облыстың ішінде 9-шы орында тұр.

Облыстық рейтинг те бар. Мұнда Уәлиханов, Мамлют және Ақжар ауданы көш басында тұр. Ал, М.Жұмабаев ауданы – тізім соңында. Қазанның бірінші жұлдызынан елімізде Ұлттық халық санағының екінші кезеңі бастау алады. Онда арнайы мамандар үй-үйді аралап, тұрғындармен тілдеседі, жеке деректерді базаға енгізеді.

Марал Нұржауыпова, СҚО статистика департаментінің басшысы:

– Әр сұхбатшыда облыстық статистика департаментінің мөрі басылған куәлік болады. Олар деректерді планшет арқылы базаға енгізеді. Мамандар “санақ” таңбасы бар көк түсті портфель және мойынорағышпен жүреді. Маңызды науқанға 700-ге тарта солтүстікқазақстандық тартылады. Оның басым бөлігі – сұхбатшы, қалғаны – бақылаушылар. Жүктеме 833 адамды құраған жағдайда сұхбатшыларға 104 мың теңге көлемінде ақша төленеді. Ал, бақылаушылардың еңбекақысы 120 мың теңгені құрамақ.

Ел тарихындағы үшінші санақты онлайн өткізуге күш салу қажет. Жиынға қатысушылар осындай пікірде. Себебі, қазір – пандемия, адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында. Әрі жалпыға ортақ іс электронды түрде тындырылса, адамдар уақыттарын үнемдейді. Егер маман үйге келіп, 5 адамның дерегін базаға енгізетін болса, орташа есеппен кемінде 1 сағат қажет екен.

Асқар Сақыпкереев, СҚО әкімінің орынбасары

– Бізге санақтан онлайн өткендердің көрсеткішін арттыру қажет. Жергілікті кәсіпорын, ұйым, мемлекеттік органдардың қызметкерлерін науқанға электронды түрде қатысуға шақырамыз. Пандемия уақытында қарым-қатынасты азайтқанымыз жөн. Бүгінде сұхбатшы және бақылаушы мамандар оқытудан өтуде. Қыркүйектің 25-і күні олармен келісім-шартқа отырамыз.

Науқанға студенттер де тартылмақ. Бірақ, әзірге қанша жастың тарихи іс-шараға қатысатыны белгісіз. Жиын соңында облыс әкімі санақтың маңыздылығына тоқталды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бұл – маңызды шара. Оның қорытындысы бойынша мемлекетте демографиялық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар туралы деректер жаңартылатын болады. Алынған мәліметтер халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге және түзетуге негіз болады.

Құмар Ақсақалов жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма да берді. Біріншіден, халықты барынша онлайн санақпен қамту қажет. Екіншіден, тиісті мамандарды сапалы түрде дайындаған жөн. Тағы, оларды материалдық-техникалық тұрғыда жарақтап, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Байболат Култанов