Қоғам

Биыл Мамлют ауданына 40-тан аса отбасы қоныс аударды

Серік Ахет – Афонькино ауылының тұрғыны. Аққайыңдар өлкесіне отбасымен Түркістан облысынан көшіп келіпті. Жақында қоныс аударған азамат қазір бел жазбай еңбек етуде. Себебі, бірнеше айдан соң қылышын сүйретіп қыс келеді. Осы орайда қауырт маусымға шұғыл дайындық керек дейді ол.

Серік Ахет, Афонькино ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Тамыз айының басында келдік. Бір айдан асты. Қысқа дайындалып жатырмыз. Отынды кеше түсірдік.

Ең алдымен Солтүстік Қазақстан облысының тымық ауа райы ұнады дейді отағасы. Қоңыржай, жауын-шашыны мол өлкенің табиғатымен Серік бұрын да келіп танысқан екен. Сол себепті, теріскейге қоныс аударуды шешкен. Ал мына 3 бөлмелі жалдамалы үй жас отбасына мемлеттен берілген. Ерлі-зайыпты енді орнығып жатқаннан соң баспанаға әлі дүние-мүлік кіргізіп үлгермепті. Баспана кең, әжетхана мен пеш іште. Су да орталықтандырылған желіге қосылған. Бірақ, жуынатын бөлме жоқ дейді отанасы Ұлданай Тұрсынбекова.

Ұлданай Тұрсынбекова, Афонькино ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Үйдің іші жақсы, кең. Керемет салынған. Душ болмағандықтан келесі жылы үйдің қасына монша саламыз деген жоспарымыз бар.

Ұлданай Тұрсынбекова қазір жергілікті мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ал жұбайының мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Жаз аяғында көшіп келген соң ерлі-зайыптылар қора-қопсы салып, жеміс-жидек отырғыза алмапты. Бұл шаруаны олар келесі жылы қолға алмақ ниетте.

Шолпан Жүсіпова да Мамлют ауданына биыл қоныс аударды. Теріскейге Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген. Нәзікжандының 1 қызы мен 2 немересі бар. Анасы да Ресейден келіп орналасуға көмектесіп жүр. Қазір отбасы қысқа сақадай-сай.

Шолпан Жүсіпова, Афонькино ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Нұр-Сұлтан қаласынан көктемде көшіп келдім. Жұмысқа орналастым. Жергілікті мектепте тарихтан сабақ беремін. «Еңбек» бағдарламасының аясында адам басына 200 мың теңгеден ақшалай көмек берілді. Өзім «Дипломмен ауылға» бардарламасы бойынша 300 мың теңгедей қолдау алдым.

Нәзікжанды келе салысымен үйдің айналасына көкөніс отырғызып, жеміс жидек еккен. Қазір өнімнің жартысын жинап алыпты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ақырындап аяққа тұрып келеді. Жалпы, биыл Мамлют ауданына жұмыс күші басым аймақтардан 42 отбасы қоныс аударған. Жаңа мекенге келген жандар өзге де ағайынға үкіметтен берілетін көмекті пайдалануға кеңес береді.

Бердимурат Баймухан