ТКШ

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері Петропавл 2-ЖЭО-да болды

«СЕВКАЗЭНЕРГО» акционерлік қоғамы 5 жылға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Биыл аталған бастама бойынша кәсіпорынға 837 млн теңге қаржы құйылды. Бұл сомаға Петропавл 2-ші жылу электр орталығындағы қазандықтар мен өзге де құрылғыларды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ержан Қоңырбаев, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Петропавл 2-ЖЭО директоры:

– Биыл станциямызға – 60 жыл. Қазіргі күні жасы 40-50 ден асқан қондырғылар бар. Солардың барлығын қайта жаңғырту керек. Шаруа жоспар бойынша атқарылып жатыр. Үлкен мекеме болғандықтан барлығын бір мезетте жасау мүмкін емес.

Бүгін жылу электр орталығына елордадан табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері келді. Шара барысында мамандар аталған ұйымда бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарды бағамдап, қаржының дұрыс игерілуіне көз жеткізді. Осы орайда айта кетейік, былтыр облысымыздағы 4 табиғи монополия субъектісіне жүктелген міндетті дұрыс орындамағаны үшін комитет өкілдері уақытша өтемдік тариф бекітіпті.

Дамир Тоқтамысов, ҚР ҰЭМ ТМРК жылу энергетикасы саласындағы реттеу басқармасының басшысы:

– 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы жылу энергетикасының 17 табиғи монополия субьектісінің есебін қарап, 4 ұйымға уақытша өтемдік тариф бекітілген. Яғни, өздірінің міндеттемесін орындамағаны үшін бекітілген тарифті төмендету арқылы негізсіз алған қаражат тұтынушыларға кері қайтарылады.

Жалпы, «СЕВКАЗЭНЕРГО» акционерлік қоғамы 2025 жылға дейін инвестициялық бағдарлама аясында жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарына 7 млрд теңгеден астам қаржы бағыттайды.

Бердимурат Баймухан