Денсаулық сақтау

СҚО-ға “Ел үшін егілемін” азаматтық штабының өкілдері келді

Қазіргі уақытта кейбір жандар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде желдей есіп жүрген жалған ақпаратты оқып, вакцинаға қарсы түсінік қалыптастыруда. Сол себепті, әлі халық арасында қоғамдық иммунитет қалыптаспай, ауырғандардың саны азаяр емес. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев жұртшылықты тек бұқаралық ақпарат құралдарында айтылатын мәліметке сенуге шақырды. Азаматтық штаб мүшелері осы мақсатта өңірлерді аралап, түрлі сала өкілдері, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру шараларын жүргізуде.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

– Біз бүгінде Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан өңірлерін араладық. Халықпен ғана кездесіп қоймай, инфекционист мамандармен кездестік. Нәтиже бар.

Халықтың 100 пайызы вакциналанғанда ғана коронавирусты тоқтата аламыз. Мамандардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы екпе егу қарқынын жақсы деп бағалауға болады. Бүгінде аймақ тұрғындарының 60 пайыздан астамы иммундау шарасының толық курсынан өтіпті. Бірақ, бұл жұмысты әлі де жалғастыру керек дейді елордадан келген азаматтық штаб мүшелері.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

– Бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ, Солтүстік Қазақстан облысы шекарада орналасқан соң ауру өтіп кету қаупі жоғары. Сол себепті, вакцина алатындардың санын 100 пайызға жеткізу керек.

Шара соңында мамандар қоғам өкілдерінің вакцинация жайлы пікірлерін тыңдап, ой бөлісті.

Бердимурат Баймухан