Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да 5 ауыл колледжіне 1,4 млрд теңге бағытталды

Ауыл шаруашылығына қажет мамандарды дайындайтын Покровка селосындағы колледж өткен ғасырдың 23-ші жылы бой көтерген. Биыл білім ордасының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға ел бюджетінен 321 млн теңге бөлініпті. Қаражатқа заманауи қондырғылар мен техника алынған. Соның бірі – құны 22 млн теңгеден асатын модульді мал сою қосыны.

Бейімбет Бұғасов, Ж.Қизатов атындағы жоғарғы ауыл шаруашылығы колледжі, Есіл ауданы:

– Біз тұрған жер – мал соятын жер. Ана жерден қара малды кіргізеді. Құлатып, бауыздағаннан кейін терісін сыпырады. Сойғаннан кейін, тушаны екіге бөледі.

Су жаңа цех ет пен ет өнімдерінің өндірісі мамандығы бойынша білім алатын жастардың зертханасына айналмақ. Қасапшылыққа оқитын студенттер ірі қараны сою ретін тек кітаптан ғана емес, іс жүзінде көріп үйренетін болады. Ол үшін колледжде 50-ден аса мал басы да бар.

Бейімбет Бұғасов, Ж.Қизатов атындағы жоғарғы ауыл шаруашылығы колледжі:

– Қазір ірі қара мен қойларымыз әлеуметтік әріптесіміздің табынында бағылып жүр. Қазанның басына қарай келеді. Сосын асханамызда 1-ші курстың 150 студентін өз қаржымызға тегін тамақтандырамыз.

Болашақ инженерлер де бірден сөзден іске көшеді. “Жас маман” бағдарламасы аясында білім ордасына шағын сүт зауыты сатып алынды. Оның көмегімен кілегей және қаймақтың дайындалу процесін меңгеруге мүмкіндік бар. Агрономдар да егін егуге қолайлы ауа райыны анықтап, болжам жасауды колледж қабырғасында-ақ үйренеді. Сымсыз wi-fi метеостанциясы арқылы даладағы температура, жауын-шашын, ылғал мен күн сәулесінің мөлшерін дәлме-дәл анықтауға болады. Бұл өз кезегінде мол өнімге кенелуге септеседі дейді жергілікті студенттермен тілдескен облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Агроном – өте маңызды әрі жоғары сұранысқа ие мамандық. Бастысы – сапалы білім алып, оны тәжірибе жүзінде қолдана білу қажет. Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы. Тіпті, қатты құрғақшылық кезінде де жақсы өнімге қол жеткізуге болады. Диқандар жыл сайын дәнді дақылдардан гектарына кемінде 20 центнерден астық алулары керек. Бұл – болашақта сіздерге артылатын міндет.

Көл-көсір өнімге қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы техникасын да үнемі жаңартып тұру қажет. Бүгінде аграрийлер бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеп, парктерін Claas пен JohnDeer сынды трактор және комбайндармен толықтыруда. Ал, жергілікті колледж студенттері болса, заманауи машиналарға енді ғана қол жеткізуде. Осыған дейін жастар механизаторлық істің қыр-сырын 92-ші жылғы Енисей комбайнында үйреніпті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр қала колледждерін жаңарттық. Биыл ауыл колледждеріне назар аударылуда. 1,4 млрд теңге бөлініп, жаңа жабдықтар мен техника алынып жатыр. 2 жылдың ішінде өңірдегі колледждердің жартысы жаңартылды.

Айта кету қажет, өткен жылы “Жас маман” бағдарламасы аясында қаладағы 4 бірдей колледж толығымен жаңғыртудан өтіп, материалдың-техникалық базасы жаңартылған болатын.

Эльмира Садвокасова