ТЖ

Петропавлда өрт сөндіру-құтқару спортынан облыстық жарыс өтіп жатыр

Жедел құтқару сайысы. 4 маман нысанның 4-ші қабатына сатымен көтеріледі. Нұрбол Жүкенов қарсыластырынан озып шығып, тапсырманы небәрі 16 секундтың ішінде орындады. Бұл – өңір бойынша жоғары көрсеткіш.

Нұрбол Жүкенов, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі:

– Колледж бітірген соң өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп жүрмін. Спорт – денсаулық кепілі. Жұмысқа физикалық тұрғыдан дайын болу керек.

Биылғы жарысқа Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педогогикалық колледжінің 4-ші курс шәкірттері де қатысуда. Студенттер оңай шағылар жаңғақ емес екен. 5-ші топтың құрамында жүгірген Расул Мұхамедиев мамандардың өзін шаң қақтырып кетті. Осылайша, мәреге бірінші болып жетті.

Расул Мұхаммедиев, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Бұл менің алғашқы жарысым емес. Бұған дейін дәл осы спорт түрінен жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде сайысқа түстім. 1-ші орын иеленіп, өңір намысын абыроймен қорғап қайттым. Бүгін де үздік нәтиже көрсетемін деп сенемін.

Дүбірлі сайысқа жалпы 80-нен астам адам қатысып жатыр. Құрамалардың саны – 18.

Серік Шақабаев, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Осыдан кейін «Жастар» стадионында эстафета болады. Шал ақын, Тайынша, Қызылжар, Жамбыл – жалпы өңірдегі барлық 13 ауданның мамандары келді.

Ертең жарыстың қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталады.

Маржан Касымбек