Спорт

Петропавлда “Ақ бидай” жазғы ойындарының 2-ші кезеңі өтіп жатыр

Еркін күрес. 57 келі салмақ дәрежесінде тайыншалық пен Мағжан Жұмабаев ауданының спортшысы белдесіп жатыр. Екеуі де бір-біріне лайықты қарсылас. Мықтысы жартылай финалға өтеді. 6 минутқа созылған кездесуде 8 де 7 есебімен тайыншалық Бейімбет Әбілов жеңіске жетті.

Бейімбет Әбілов, жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– Жиналған спортшылардың барлығы мықты. Әрқайсысы – өз ісінің шебері. Енді финалға өту үшін грек-рим күресінен спорт шеберімен күш сынастырамын. Кімнің мықты екенін уақыт көрсетеді.

Спорт сарайына 70-тен астам палуан жиналған. Олар 6 салмақ дәрежесі бойынша бүгін және ертең белдеседі. Жеңімпаздар да ертең марапатталмақ. Ал жалпы, «Ақ бидай» жазғы ойындарына 300-ден астам спортшы қатысып жатыр. Осы ретте айта кету қажет, аталған жарыстың 1-ші кезеңінде Қызылжар ауданының құрамасы жеңімпаз атанған еді.

Виктор Бестик, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

– Бокс пен мылтық атудан сайыстар «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтіп жатыр. “Қарасай” стадионында үстел теннисі, ал дойбы мен шахмат ойындары шахмат клубында ұйымдастырылуда. Қала сыртында велоспортшылар сынға түсіп жатыр. «Ақ бидай» жазғы ойындарының 2-ші кезеңіне спорттың 7 түрі енгізілген.

«Ақ бидай» жазғы ойындарының үздіктері ертең анықталып, марапатталады.

Алдияр Айтпаев