“Ел үшін егілемін” азаматтық штабының өкілдері кәсіпкерлермен кездесті

Бизнес және экономика

22:06 17 Қыркүйек 2021

Өңірге арнайы келген штаб мүшелерімен жүздесуге 30-ға жуық кәсіпкер жиылды. Дені – қызмет көрсетуші саланың өкілдері. Бизнес тұтқасын ұстаған жандарды толғандыратын сұрақ көп. Бүінгі кездесуде сұрақтарына жауап алды, күрмеулі мәселені шешуге қатысты кеңес тыңдады. Жаттығу залының менеджері Татьяна Белованың айтуынша қол астындағы қызметкерлердің кейбірі екпе алудан бас тартып отырса, келген меймандардың кейбірі “Ашық” арқылы өтуге қарсылық білдіреді екен.

Татьяна Белова, жаттығу залының менеджері:

– Ұжымда вакцина алудан бас тартқан қызметкерлер бар. Ал, еліміздің бас санитар дәрігері қабылдаған қаулыға сәйкес, қызмет көрсететін мамандардың барлығы иммундау шарасынан өтуі тиіс. Егер бас тарту жайты тіркелсе, онда біз сол кісіні жұмыстан шектетуіміз қажет. Бірақ, ондай заң жоқ. Бұл туралы тек қаулыда ғана жазылған. Мұндай жағдайда не істеуіміз қажет?

Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер коронавирусқа қарсы вакцина алмаса, онда апта сайын ПТР тест тапсыруы қажет. Бірақ, әр 7 күн сайын 7 мың теңгеден төлеу
оңайға соқпас.

Серік Берқамалов, “Ел үшін егілемін” коронавирустық пандемиямен күрес жөніндегі азаматтық штабының мүшесі:

– Әр азамат қауіпсіз ортада жұмыс істеуі қажет. Бұл жағдайда адам өзін ғана ойлағаны дұрыс емес. Иммундау шарасынан өтуден бас тартқан қызметкер аса қажетті кадр болса, онда жұмыс беруші барлық шығынды, яғни ПТР тестілеудің құнын өз қалтасынан өтеуі тиіс. Бірақ, әрине, қандай да бір мәселе туындамасы үшін “Еңбек” кодексіне өзгерту енгізу қажет деп ойлаймын.

Жиында мейрамханаларға қатысты мәселе сөз болды. Қоғамдық тамақтану орындарының өкілдері тиісті санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмыс істеуге дайынбыз дейді. Тіпті, азаматтық штаб өкілдеріне өздерінің жаңаша жұмыс істеу тәртібін ұсынды.

Андрей Фролов, СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

– Петропавлдағы мейрамханалардың жұмысы 2 жылға жуық тұралап қалды. Есесіне кейбір коттедждерде үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Онда ешқандай санитарлық талаптар сақталмаған. Біз барлық ережелерді сақтай отыра мейман қарсы алуға дайынбыз. Біз тек вакцина алған қызметкерлермен ғана жұмыс істер едік және “жасыл” мәртебесіндегі қонақтарды ғана қабылдар едік.

Мейрамхана иелерінің ұсынысын елордалық мамандар қарастырып, нақты бір шешім қабылдайтындарын айтты.

Серік Берқамалов, “Ел үшін егілемін” коронавирустық пандемиямен күрес жөніндегі азаматтық штабының мүшесі:

– Біз бұл ұсынысты қабылдауға дайынбыз. Себебі, халық арасында ұжымдық иммунитет пайда болып, азаматтардың 70 пайызы вакциналанды. Енді біртіндеп карантиндік шаралар да жеңілдетіледі.

Іскер жандармен кездесу соңында, “Ел үшін егілемін” атты азаматтық штаб белсенділері солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің ұсыныстарын қарастырып, сұрақтарына жауап беретін өздерінің өңірлік штабын құратындарын айтты.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

А.Исаков: “Семейный” “Магнумға” айналады
Әйелдер колониясында тігін цехі ашылды