ТКШ

“Alem Pay” транспорттық картасын қолдану әдісі түсіндірілді

Бәрі оңай әрі ыңғайлы. Картамен төлем жасау көп уақыт алмайды. Сканерлейсің де кете бересің.

Қолма-қол төлем жасау үшін алдымен ақшаны санап алу қажет. Кейін оны жүргізуші санайды. Артылғанын өзіңе қайтарып береді. Мұның бәрі ұзақ уақыт алады.

Петропавлдағы қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі енгізілгелі тұрғындардың 75 пайызы қолма-қол ақшасыз төлем жасауға көшіпті. Транзакция жүргізу үшін жұрт СМС-аударым жасап, банк қосымшасын, QR-код немесе арнайы жол жүру картасын пайдалануда. Бірақ, қазір соңғысына қатысты қоғам арасында наразылық туындап жатыр. Жерлестеріміз оны пайдалануға қарсы емес. Тек олқылықтарды түзетсе жөн болар еді дейді.

25-ші бағытта картамен төлем жасадым. Ал мына автобуста жолақыны төлей алмадым. Төлем жасауға бірнеше рет оқталдым.

Бұл – жалғыз адамның пікірі емес. Дәл осы мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түсуде.

Соңғы уақытта картамнан түрлі ақаулар шығып жатыр. Ішіндегі ақша тез таусылып қалады. Тексеріп көрмекші болып 200 теңге салдым. Онымен тек 1-ақ рет жүрдім. Үйге қайтар кезде валидатор аппараты картадан 130 теңге ұстап қалды.

Автобустарға төлем жүйесін орнатумен айналысатын «Alem Pay» серіктестігінің өкілдері қазір аталған мәселенің мән-жайын анықтап жатыр. Жақында олқылықтар жойылады. Осы орайда мамандар тұрғындарға жол ақысын төлеу мен картаны толтыру ережелерін сақтауға кеңес береді.

Бауыржан Құсайынов, «Alem Pay» ЖШС қалалық филиалының директоры:

Транспорттық картадағы теңгерімді Каспи банктің мобильдік қосымшасы арқылы тексересіз. Сондай-ақ, бұл істі «SMSBUS Пассажир» бағдарламасы арқылы атқаруға болады. Ол жерде баланстан бөлек, жол жүру тарихын да қарауға мүмкіндік бар. «Alem Pay» сайтына кіріп те барлық ақпаратқа қол жеткізуге болады.

Егер қандай да бір олқылықтар орын алып жатса, транспорттық картаның артқы жағында жазылған нөмірге хабарласу қажет дейді Бауыржан Құсайынов. Мамандар тұрғындардан тағы бір жайтты ескеруді сұрайды. Бұл әсіресе қолма-қол төлем жасайтын жолаушыларға қатысты.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

Қолма-қол төлем жасағаннан кейін кондуктордан міндетті түрде мынадай чекті талап етіңіз. Әйтпеген жағдайда сіз билетсіз жүрген жолаушы болып таныласыз. Ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, 2 АЕК көлемінде айыппұл төлеуіңіз мүмкін.

Бүгінде Петропавлдағы қоғамдық көліктерде жүргізілетін транзакциялардың 80 пайызынан астамы банктік карталар арқылы жасалады екен. Айта кеткен жөн, қазіргі күні қаладағы 60 автобус жаңасына ауыстырылды. Жыл соңына дейін шаһарға тағы 35 көлік жеткізілмек.

Бердимурат Баймухан