Қоғам

Президенттік кадр резервіне іріктеу өтіп жатыр

Алғаш рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу 2019 жылы өткізілді. Ол кезде 2 солтүстікқазақстандықтың бағы жанып, үздіктер қатарынан көрінді. Солардың бірі – Асқар Баймұқанов. Қазіргі таңда ол ішкі саясат басқармасында еңбек етуде.

Асқар Баймұқанов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

Резервке кірген әрбір жастың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылады. Мысалы, іріктеуден кейін мен өзімді жаңа қырымнан тани бастадым. 2019 жылы арнайы сынақ негізінде іріктеліп алынған 300 жас еліміздің көркеюіне өз үлестерін қосары анық.

Араға екі жыл салып Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қайта ұйымдастырылуда. Бүгінге дейін байқауға 36 теріскейлік жас өтініш беріп үлгеріпті. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қанат Барқытовтың үздіктер қатарынан көрінуіне мүмкіндігі зор. Оның жоғары білімі де, жұмыс өтілі де бар. Жасы да 35-тен аспаған. Іріктеуде осылар ескеріледі.

Қанат Барқытов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Президенттік жастар кадр резервіне кезекті мәрте іріктеу болатындығын естіп қатысуды ұйғардым. Өтініш беріп, мемлекеттік тілде тест тапсырдым. Нәтижесі жақында шығуы тиіс.

Үміткер Президенттік жастар кадр резервіне ену үшін міндетті түрде қазақ тілін білуі тиіс. Талап – В1 деңгей, яғни орташа деңгейде. Дегенмен, халық алдында жүретін мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді тереңінен біліп, еркін сөйлесе бұл көңілге қуаныш сыйлайды. Айта кетейік, биыл жалпы мемлекеттік секторға 50 жас іріктелініп алынбақ. Тиісті құжаттарды үміткерлер қыркүйектің 30-ына дейін pkrezerv.gov.kz сайтына жолдаулары қажет. Кейін бірнеше сынақ ұйымдастырылады. Нәтижесі желтоқсан айында жария етілмек.

Алдияр Айтпаев