Қоғам

Петропавлдық оқушылар “Тәуелсіз Қазақстан” атты ашық сабаққа қатысты

1991. Қазақ елі қанатын кеңге жайған жыл. Ең алдымен тамызда Семей ядролық полигоны жабылды. Ал желтоқсанның бірінші жұлдызында Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланды. 16-сы күні ғасырлар аңсаған азаттықтың ақ таңы атып, Қазақстан Тәуелсіз ел ретінде күллі әлемге танылды. Артынша шекарамыз шегенделді.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:
Мысалы, Қытай 15 елмен шекаралас. Соның ішінде тек бізбен ғана шекара мәселесі шешімін тапқан. Елбасы Қытай мемлекетінің басшысымен сөйлесіп, талай келіссөз жүргізіп, ақырында осыған қол жеткізді.

Ел қуатты болса, қуаныш тұрақты болады. Жас Қазақстан жыл сайын алға нық қадам басты. Мемлекеттік рәміздері мен Ата заңын қабылдап, күш-қуатын одан әрі арттырды. Айта берсек, тізбек жалғаса береді. Биыл егемендікке қол жеткізгенімізге 30 жыл толғалы отыр. Бүгінгі ашық сабаққа арқау болып отырған тақырып та – осы. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовтан бөлек, химия-биология бағытындағы НЗМ мұғалімдері мен үздік оқушылары қатысуда.

Мағжан Мақтабек, Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:
30 жылдың ішінде талай жетістікке жетті. Нұр-Сұлтан бас қаламыз болды. Білім, спорт сынды салаларда көптеген өзгерістер болды.

Болашақ – жастардың қолында. Көзі ашық, көкірегі ояу ұл-қыздар ғана туған жерінің дамуына септесе алады. Бұл ретте елімізде білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударылуда.

Ғани Нығыметов
, СҚО әкімінің орынбасары:
30 жыл ішінде жеткен басты жетістіктеріміздің бірі ол – сендерсіңдер. Тәуелсіздігіміздің арқасында керемет мектептер салына бастады. Оқушылар білім алып, үлкен өмірге қадам басты. Жастардың бірі шетелге барып, жоғарғы оқу орындарын бітіріп, елге қайта оралды.

“Ізгілік ұялаған үйдің шаңырағы биік болады” – деп бекер айтпаған. Керегенің мықты болуы жастарға байланысты.

Маржан Касымбек