ТКШ

“Нұрлы жер” арқылы 108 пәтерлі баспанаға құжаттарды қабылдау басталады

“Шаңырақ” өз жұмысын тоқтатты. Тұрғын үй бағдарламасы әкімдік кезегінде тұрған жерлестерімізге арналған болатын. Пилоттық жобаға бөлінген қаржы толығымен игерілгендіктен, ол өз күшін жойды. Бірақ, уайымдаудың қажеті жоқ. Оның орнын “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы басады. Алайда, шарттары сәл өзгерген.

Бастапқы жарна 10 пайыздан 20-ға дейін өсті. Әрі баспана жергілікті билік кезегіне бірінші тұрған адамға емес, “Отбасы” банкке үнемі қаражат салып, жоғары ұпай жинағандарға беріледі. Яғни, ай сайын есепшотқа ақша аударуда белсенді болған жөн. Жыл соңына дейін аталған бағдарлама аясында 1200-ден аса отбасы қоныс тойын тойламақ. Яғни, барлығы 13 көпқабатты үйді қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Соның ішінде Жамбыл Жабаев көшесінде орналасқан 108 пәтерлі баспанаға құжат қабылдау тура 2 күннен кейін, яғни қыркүйектің 17-сінен басталады. Өтінішті қазанның 11-іне дейін жолдай аласыздар. Шаршы метріне байланысты пәтерлердің бағасы 5 млн 600 мыңнан басталып, 10 млн 300 мың теңгеге дейін жетеді.

Назерке Ғалым, “Отбасы Банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:

– Конкурсқа тек жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. Міндетті түрде есепшотында үйдің бағасының 20 пайызы өтінім тастарда болуы керек. Үйдің шаршы метрінің бағасы таза әрлеуде – 160 мың теңге. Бұл – әкімдіктен бөлінген жеңілдетілген несие. 5 пайыздық мөлшерлемемен.

Эльмира Садвокасова