Құқық қорғау органдары

90 солтүстікқазақстандық жалған шaқырту үшін жауапкершілікке тартылған

Жыл басынан бері 90 солтүстікқазақстандық жалған шaқырту үшін жауапкершілікке тартылған. Соңғы факті қыркүйектің 13-і күні Петропавлда тіркелді. Күндізгі сағат 11:20 шамасында қалалық екінші полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне медицина қызметкерінен қоңырау түскен. Ақхалаттының айтуынша, мамандарға белгісіз бір ер адам хабарласып, Жұмысшы кентіне “шұғыл жәрдем” шақырған. “Қандай жағдай орын алды” деген сұраққа, әлгі кісі досым бірнеше жерден пышақ жарақатын алды деп жауап беріпті. Бірақ, арнайы бригада көрсетілген мекенжайды таба алмай, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді.

Мән-жайды білу үшін тәртіп сақшылары Жұмысшы кентіне барады. Олар ешқандай заңбұзушылық орын алмағанына көз жеткізіп, шақыртудың жалған екенін анықтаған. Көп ұзамай қоңырауды 48 жастағы солтүстікқазақстандық шалғаны мәлім болды. Ол масаң күйде хабарласыпты. “Ойыннан от шығады” демекші мұндай іс-әрекетке барған жан 30 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды.

Алдияр Айтпаев