Балалар

Петропавлдық бүлдіршін республикалық сұлулық байқауында жеңіске жетті

Жуковтар жанұясында 3 қыз өсіп келеді. Ең үлкені 8-де болса, кенжелері небәрі – 1-де. Ал, ортаңғы қыздары София – 5 жаста. Қылықты қыздар шеттерінен өнерлі. София 3 жасынан бимен, көркем гимнастикамен айналысады, актерлік шеберлігін де шыңдап жүр. Оның туабітті ерекше қабілеті де бар екен. Кішкентай ханшайымның есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Түрлі өлеңдерді тез жаттап, мәнерлеп оқи береді.

Софияның ойындағы ерекше дарынды байқап анасы Ирина Жукова үлкен сахнаға шығаруды шешкен. Алғаш рет бүлдіршін осы жазда облыс орталығында өткен “Кішкентай мисс Петропавл -2021” байқауына қатысып, 3-ші орынға ие болыпты. Осылайша, Алматыда өтетін Еуразия сұлулық байқауына жолдама алған. Конкурс талаптары бойынша қатысушыларға 2 шығармашылық нөмір дайындау қажет болыпты.

София Жукова, “Summer STARS OF EURASIAN-2021” байқауының жеңімпазы:

– Алматыда өткен байқауда мен орыс ақыны Андрей Дементьевтің “Ана туралы баллада” өлеңін оқыдым. Бұл туынды соғысқа кетіп, оралмаған жауынгер жайлы. Өлеңді еш қиындықсыз жаттап алдым. Мәнерлеп оқығанда да қателікке бой алдырған жоқпын. Қазылардың жүрегіне жеткізе алдым деп ойлаймын.

Алғашқы шығармашылық нөмірден кейін кішкентай арулар дефиле көрсетті. Мұнда да София өзінің талайды таңдай қаққызар киімімен ерекшеленген. Ол сахнаға түрлі түсті полимерлі пакеттерден тігілген әдемі гүлді көйлекпен шығыпты.

Бұл ерекше көйлекті Ирина Жукова тігіпті. Нәзікжандының сөзінше, осындай әдемі дүниені өмірге әкелу үшін 160-қа жуық полимерлі пакет жұмсалған.

Ирина Жукова, София Жукованың анасы:

Дефиле кезінде ерекше жазғы образды көрсету қажет болды. Көп ойланбастан сахнаға киетін костюмді өзім тігемін деп шештім. Төккен тердің арқасында осындай әдемі дүние шықты. Біраз, еңбектендім, 5-6 түндей ұйықтаған жоқпын.

Жұмсалған күш өз нәтижесін берді. 5 жасар бүлдіршін қазылар алқасының көзайымына айналып, “Гран-при” иегері атанды. София қазан-қараша айларында Грузия мен Мәскеуде өтетін сұлулық конкурстарына шақырту алған.

Дана Ешкенова