Спорт

Муайтайшылар өңірге жүлдемен оралды

Ресейде өткен байрақты бәсекеде Шамиль Ермагамбетов 54 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Спортшы жарыста рингке екі рет көтерілген екен. Біріншісінде жергілікті спортшыны тізе бүктірсе, финалда Беларусь мемлекетінің өкілінен басым түскен. Осылайша, тепсе темір үзетін жігіт алтыннан алқа тағынған.

Шамиль Ермагамбетов, муай-тайдан ҚР спорт шебері:

Ағашқы кездесуім қиын болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің көшбасшы спортшыларының бірімен күш сынастым.
1-ші раундта қарсыласыма есе жібердім. Бірақ, соңғы екі раундта намысқа тырысып, жеңісті жұлып алдым. Енді келесі жарыстарға тыңбай дайындаламын.

Руслан Заякин да бұл жарыста сәтті өнер көрсетті. Спортшы алтыннан алқа тағынбаса да ел мерейін асырды. Оған күміс медаль бұйырды. Теріскейлік саңлақтың жолын байрақты бәсекеде ринг қожайыны кесіпті.

Руслан Заякин, муай-тайдан ҚР спорт шебері:

Бұл жарыста 71 келі салмақта өнер көрсеттім. Мұндай додаларға көптен бері қатыспадық. Соның салдарынан екінші кездесуде бірқатар қателікке бой алдырдым. Әрине, алтын медаль иелену жоспарда болатын. Қанша дегенмен, күміс медальды қанағат тұттым.

ТМД елдерінің ойындарына Қазақстаннан 15 тайбоксшы қатысқан. Соның 5-еуі – теріскейлік спортшылар. Өңірімізге қыз-жігіттер 1 алтын, 3 күміс медальмен оралды. Бұл жүлделер еліміздің жалпыкомандалық есепте 3-ші орынға табан тіреуіне мүмкіндік берді.

Иван Ван-Хон-Тун, муай-тайдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

 Бұл – ТМД елдерінің алғашқы ойындары. Онда қатысушылар бірнеше спорт түрі бойынша бақ таластырды. Муай-тайдан жақсы нәтижеге қол жеткіздік. 10 команданың ішінен 3-ші орынды қанағат тұттық.

Енді бұл спортшылар қазан айында өтетін ел біріншілігіне қатыспақ ниетте. Дүбірлі додада үздік нәтиже көрсеткендер Әлем чемпионатына жолдама алады. Жоспар бойынша байрақты бәсеке желтоқсан айында Тайландта өтеді.

Алдияр Айтпаев