Денсаулық сақтау

СҚ ұжымдық иммунитетке біртабан жақын

Коронавирустың өңірдегі шарықтау шегі артта қалды. Осыдан 3 апта бұрын эпидемиологиялық жағдай мүшкіл еді. Тәулігіне 170 науқастан тіркеліп, емдеу мекемелеріне күн сайын 80-нен аса адам жатқызылды. Бүгінде көрсеткіш екі есе төмендеп отыр.

Асқар Сақыпкереев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Вакцинация мен шектеу шараларының арқасында жақсару тенденциясы байқалады. Соңғы тәулікте облыс бойынша жаңа 75 жағдай тіркелді. Науқастардың 92 проценті емделді. 181 адам қайтыс болды.

Ковид-19-ға шалдыққандарға инфекциялық стационарларда 1715 төсек-орын дайындалған. Толымдылығы қазір 31 пайыздың шамасында. Жансақтау бөлімінде 67 адам жатыр. Олардың 22-сі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Асқар Сақыпкереев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Стационарлар мен амбулаторияларда дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар. Ол үнемі жаңартылып тұрады. Бағаны тұрақтандыру қорларында препараттардың 21 аталымы сақталған.

Өңірде иммундау науқаны жалғасуда. Облыстық түкпір-түкпірінде 102 екпе егу кабинеті, 62 жылжымалы бригада мен 8 кешен жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде вакциналаудың толық курсынан 209 мың жерлесіміз өтті. Бұл солтүстікқазақстандықтардың 67 пайызын құрайды. Тағы 40 мыңнан аса тұрғын препараттың екінші дозасын күтуде. Иммундау шарасынан өтіп, кейін коронавирусты жұқтырғандар да жоқ емес. Ковид-19-ға 1240 адам шалдығыпты. Бірақ, бұл барлық науқастардың тек 0,59 пайызын құрайды. Ashyq жобасы да өз нәтижелілігін көрсетті. Өзге жандарға қауіп төндіретінін біле тұра көше кезіп, қоғамдық орындарға барғандар анықталды. Бүгінде “қызыл” мәртебесі бар 333 және “сары” статустағы 230 адам жауапкершілікке тартылған.

Эльмира Садвокасова