Денсаулық сақтау

Қазақстанда халықты вакциналаумен қамту 71,5% жетті

Қазақстанда күннен-күнге эпидахуал жақсарып келеді. Соңғы екі аптада республиканың 5 өңірі “қызыл” аймақтан “сарыға” өткен. Оның ішінде аққайыңдар өлкесі де бар. Бұл жайлы Үкімет отырысына қатысқан еліміздің денсаулық сақтау министрі мәлім етті. Алексей Цойдың сөзінше, ел аумағында індетті жеңген жандардың саны күн санап артып келеді.

Мысалы, артта қалған қос жұмада сауығып шыққан науқастардың қатары апта ішінде ауруға шалдыққандардың көрсеткішінен 1,5 есеге көп екендігі дәлелденген. Республикамызда екпе егу науқаны жалғасуда. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен 7,1 млн астам адам немесе вакцина қабылдауға жататын жалпы халықтың 71,5% қамтылған. Препараттың екінші жартысын 6 млн жуық отандасымыз салдырған.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Вакциналау әлі күнге дейін коронавирус инфекциясының алдын-алудың жалғыз нақты шарасы болып қалып отыр. Сондықтан әрбір қазақстандықты вакцина алуға және елімізде ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз үлесін қосуға шақырамын.

Байболат Култанов