Кәсіпкерлерге арналған вебинар өтті

Бизнес және экономика

22:08 14 Қыркүйек 2021

2-3 жыл бұрын қаралған іске қатысты шағым білдіруге бола ма, мемлекеттік орган шығарған шешіммен келіспеген жағдайда не істеу керек? Бүгінгі вебинарда қойылған сұрақтардың дені әкімшілік сот процестеріндегі түйткілдер жөнінде болды. Сауалдар сан алуан. Мамандар олардың әрқайсысына жіті тоқталып, жан-жақты жауап беруде.

Инесса Қуанова, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрайымы:

– Осымен 3-ші жыл қатарынан кәсіпкерлер палатасында онлайн вебинар өткізіп жатырмыз. Мұнда түрлі мемлекеттік орган өкілдері және судьялардың қатысуымен бизнесмендерге заң негіздерін түсіндіреміз. Өткен жылы 15 вебинар өткіздік

Бүгінгі шараға осыдан 3 ай бұрын облыс орталығында ашылған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот өкілдері де қатысуда. Жаңа органның басқа соттардан ерекшелігі мынада: қарапайым адам кейде мемлекеттік мекемелер мен түрлі органдардың шешіміне қарсы әрекет жасай алмай жатады. Осындай кезде жаңа сотқа келіп жүгіне алады. Бұл жерде судья арыз берушінің сауалын тікелей өзі қарастырады. Яғни, азамат арызын немесе ұсынысын дұрыс жеткізе алмаса, оған сұрақтар қойып, тілдеседі. Бүгінге дейін тұрғындардан 140-тан аса өтініш түскен. Мәселен, жақында мамандар жер учаскесіне қатысты істі қарастырған.

Бердібек Мұстафин, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

– Жергілікті кәсіпкерлердің бірі өзіне тиесілі жер учаскесіндегі металлдарды қазып алмақ болып мемлекеттік органға жүгінеді. Бірақ, орган іскер жанның ұсынысын кері қайтарып жібереді. Сондай-ақ, шығарылған шешім жөнінде нақты негіздер көрсетпейді. Осыған байланысты кәсіпкер бізге арыз тастады. Іс қаралып, мемлекеттік орган жіберген қатесін мойындады.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот өкілдері бүгінгі вебинарға алғаш қатысып отыр. Мамандар алдағы уақытта кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс атқарып, ай сайын бизнесмендердің сауалдары бойынша оларға тиісті бағыт-бағдар беретін боламыз дейді. Айта кеткен жөн, келесі аптада қос ұйымның арасында әріптестік жөнінде екіжақты меморандумға қол қойылады.

Бердимурат Баймухан

Бұдан әрі оқыңыз

“Ел үшін егілемін” азаматтық штабының өкілдері кәсіпкерлермен кездесті
“Бастау Бизнес” жобасының түлектерін қолдау
Биыл «DAMU» қорының жергілікті филиалы 400-ден астам жобаны субсидиялаған
«Бастау» жобасына – 5 жыл