Қоғам

Достық үйінде Жолдау талқыланды

Аға буын өкілдері Достық үйінде бекерден-бекер жиналып отырған жоқ. Президент өзінің соңғы Жолдауында ел бірлігі, тұрақтылығы жайына кеңінен тоқталған. Тіпті, арнайы бөлім арнағанын айта кеткен жөн. Ол “Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы” деп аталады. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз.

Жолдауда тіл саясаты жайлы да қаузалады. Мемлекет басшысы болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс дейді. Дөңгелек үстел басына жиналған жерлестеріміз бұл туралы да сөз қозғады. Саяси маңызды құжатта халықтың әл-ауқаты ұмыт қалмағаны баршаға мәлім. Бірқатар жаңашылдықтарға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников тоқталды.

Анатолий Корабельников, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Президент 2022 жылғы 1-ші қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері артатынын айтты. Көрсеткіш 42 жарым мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілмек. Бұл жаңалықты қуана қабылдадық. Себебі, біздің өмірімізге пандемия кері әсерін тигізді. Қазіргі таңда халықтың қолында ақша болуы тиіс. Білім саласында да біраз өзгеріс орын алмақ. Қамтылған мәселелердің барлығы өзекті деп білеміз.

Жиында Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жайлы да әңгіме қозғалды.

Байболат Култанов