Спорт

“Qyzyljar” жеңістер сериясын жалғастыруда

Жеңістер сериясы жалғасуда! Жергілікті “Qyzyljar” футбол клубы қызылордалық “Qaisar”-ды 2-0 есебімен ұтты. Кездесу демалыс күндері “Қарасай” стадионында өтті. Жергілікті аяқдоп шеберлері ойынның бірінші минутынан белсенділік танытқанымен, шабуылдарынан түк шықпады. Матчтың екінші таймында солтүстікқазақстандықтар қарқынды тіптен арттырды. Осылайша кездесудің 61-ші минутында Әлібек Қасым 11 метрлік айып добын қақпаға дәл бағыттады. Ал, ойынның соңғы минуттарында Тимур Мульдинов есепті еселеп, жанкүйерлерді тағы бір мәрте қуантты. Бүгінде “Qyzyljar” 32 ұпаймен Премьер-Лиганың турнирлік кестесіндегі 4-ші орнын сақтап қалды. Келесі кездесуді футболшылар қыркүйектің 19-ы Алматы қаласында “Qairat”-қа қарсы өткізбек.

Ал, жергілікті хоккейшілер үшін соңғы ойындар сәтсіз аяқталды. Петропавлдық “Qulager” өз алаңында атыраулық “Бейбарыс”-ты қарсы алған болатын. Бірінші ойында жерлестеріміз 3-1-мен басым түссе, қарымда кездесуде 0-4-пен тізе бүктірді.

Эльмира Садвокасова