Қоғам

“Үздік көпбалалы отбасы-2021” байқауы қорытындыланды

Данияр Қарыпов пен жары Жанардың бір-бірін сүйіп қосылғандарына биыл 9 жыл екен. Бүгінде ерлі-зайыптылар – 3 қыз бен 1 ұлдың ата-анасы. Үлкен қыздары биыл 2-ші сыныпқа барған, ал кенжелерін 4 ай бұрын ғана бауырларына басқан. Отағасы Данияр – жеке кәсіпкер. Құрылыстың түр-түрімен айналысады екен. Жары Жанар үйдің түтінін түтетіп, берекесін келтіріп, балаларын тәрбиелеуде. Көпбалалы жанұяның өзіндік бала тәрбиесіндегі ұстанымдары бар.

Данияр Қарыпов, байқауға қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Біз бала-шағамызға әділміз. Айтқан сөздерімізде тұрамыз. Өзіміздің отбасылық келісім шарттарымыз бар. Ең бастысы балаларымызды Қазақстанның ұлықты ұлдары, қылықты қыздары болатындай дәрежеге жеткізгіміз келеді.

Қарыповтар жанұясы Отбасы күні қарсаңында осындай байқау өтетіні жайлы әлуметтік желілерден көріп, қатысуға ниет білдірген. Сайыстың барлық талаптарын орындаған жанұя өзгелерден ерекшеленіп, 1-ші орынды жеңіп алды.
Ал екінші орын Тимирязев ауданында тұратын Қаболовтар отбасына бұйырды. Бүгінде Қанатжан мен Самал 2 ұл мен 2 қызды тәрбиелеуде. Жанұя мүшелері – жан-жақты өнерлі жандар.

Самал Қаболова, байқауға қатысушы, Тимирязев ауданы:

– Біз әрдайым бір-бірімізге қамқорлық танытып, бір-бірімізді демеп, қолдап жүреміз. Отбасымыз өте ұйымшыл. Жалпы, менің Қаболовтар әулетіне келін болып келгеніме биыл – 14 жыл. Жолдасымның анасымен бірге тұрамыз. Өз анамдай болып кеткен жанға алғысым шексіз. Сол адамның арқасында сыйластық пен татулықта өмір сүріп жатырмыз.

Ал Тимирязев ауданынан келген Мұхамединовтер жанұясы мен петропавлдық Жәнібековтер отбасы үздік үштікті қорытындылады. Жалпы, “Үздік көпбалалы отбасы-2021” байқауына облыс бойынша 7 жанұя қатысқан.

Антон Шишканов, “JE SKO штабы” ҚБ төрағасы:

– Отбасылық байқау қыркүйектің 1-і мен 8-і аралығында ұйымдастырылды. Конкурс онлайн форматта өтті. Ең алдымен қатысушылар тіркелді. Кейін отбасылық бейнеролик түсіріп, жанұя мүшелерін жақынырақ таныстырды. Сондай-ақ, отбасылық құндылықтар қалай дәріптеледі, жанұяда қандай салт-дәстүрлер барын баяндады.

“Үздік көпбалалы отбасы” байқауының бірде-бір қатысушысы назарсыз қалған жоқ. Барлығына ақшалай және естелік сыйлықтар табысталды.

Дана Ешкенова