Ұстаздар қауымы Жолдауға үн қосты

Білім

22:23 13 Қыркүйек 2021

Биыл педагог боламын деп, жоғарғы оқу орындарына құжаттарын тапсырған түлектердің саны артты. Бірнеше жыл бұрын ұстаздықты әдетте ҰБТ-дан аз ұпай жинағандар таңдаса, қазір ол ең танымал мамандыққа айналып отыр. Яғни, бәсекелестік артып, болашақ мұғалімдер тек үздіктердің ішінен іріктеледі. Бұл өз кезегінде білім сапасының артуына септеседі. Деңгейді көтеруге бағытталған жұмыстардың бірі – университеттегі бағдарламаға өзгеріс енгізу.

Жадыра Жұмағалиева, “Білім-Инновация” лицейі тарих пәнінің мұғалімі:

– Университет бағдарламалары мектептегі әдістемелерді зерттейтіндей болып өзгертіледі. Мектеп пен университеттің байланысы күшейеді. Студенттер мектептерге барып, әдістемелік проблемаларын зерттейді. Сөйтіп, жас маман болып жұмысқа тұрғанда, жеңілірек болады.

Мұғалім – заман талабына сай болуы тиіс. Сондықтан, Жолдауда айтылғандай педагогтар біліктілікті арттыру курстарынан қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет өтетін болады. Қайта даярлық сабақтары ұстаздың пән, цифрлық технологиялар мен әдістемелік құралдар бойынша білімін жетілдіруге бағытталмақ. Өйткені олар шәкіртінің бойына тың дүние сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуы тиіс дейді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жадыра Жұмағалиева, “Білім-Инновация” лицейі тарих пәнінің мұғалімі:

– Сонымен қатар, Президентіміз айтқандай халықаралық жарыстарға қатысып, жеңіске жеткен оқушыларға материалдық қолдау көрсетіледі. Бұл балаларды жақсы нәтиже көрсетуге ынталандырады.

Жыл сайын қаламыздағы “Білім-Инновация” лицейінің 10-ға жуық оқушысы республикалық олимпиадаларда медаль еншілейді. Тағы 1-2-уі халықаралық дәрежедегі жарыстарда жүлделі орындардан көрінеді екен. Биылдан бастап, өзге мемлекеттердің ұл-қыздарымен сынға түсіп, ел намысын абыроймен қорғаған балаларға қомақты қаржылай қолдау көрсетілмек. Бүгінде ынталандыру ретінде берілетін ақшаның көлемі де белгілі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын ынталандыру және қолдау мақсатында «алтын» медальға 1500 АЕК, биыл ол 4,5 миллион теңгеге жуық, «күміске» – 1000 АЕК, «қолаға» – 500 АЕК ақшалай біржолғы сыйақы тағайындау жоспарлануда.

Әрі жеңімпаздар ҰБТ-дан тыс кез келген отандық университеттің грантын иелене алады. Олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздар мен тәлімгерлер де назардан тыс қалмайды. Педагогтарға біржолғы сыйақы беру жоспарланып отыр.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Елімізде баланың жасырын қабілетін анықтайтын жоба іске қосылады
Қызылжар ауданының мұғалімдері біліктіліктерін арттырды
Өңірдің бас ұстазы өткен оқу жылын қорытындылады
Биыл Қозыбаев университетіне 1300-ден астам талапкер түскен
Аққайың ауданында биыл 2 мектеп жөндеуден өтуде
Петропавлда жаңа мектеп қолданысқа тапсырылды
Қозыбаев университеті шетелдік компаниямен меморандум жасасты
«Jas Otan» жастар қанатының белсенділері жатақханаларда рейд өткізді
Өңір мектептеріне 350-ге жуық жас мұғалім жұмысқа алынды
СҚО-да 8 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды
Қозыбаев университетіндегі студенттердің бір бөлігі онлайн форматта оқиды
Өңірде ерекше күттімді қажет ететін 4 мыңнан астам бала бар