Балалар

Өңірде күзгі әскерге шақыру жүріп жатыр

Максим Бартоль – биыл әскерге шақырту алған жастардың бірі. Бүгін медициналық тексерістен өтті. Отан алдындағы борышын өтеуді перзенттік парызым деп санайтын жастың денсаулығы жақсы. Бұл дегеніміз – Максим ел қорғауға жарамды. Жақында Алматыға жол тартады.

Максим Бартоль:

– Биыл Петропавлдағы Машина жасау колледжін бітірдім. Енді әскерге барып келмекшімін. Шыңдаламын, нағыз ер мінез қалыптасады деп ойлаймын. Өзім қыркүйектің 17-сі күні Алматы облысына шекара қызметіне аттанамын.

Медициналық тексеріс барысында болашақ сарбаздарды терапевт, психолог, окулист сынды мамандар жіті тексереді. Жастардың денсаулығы жақсы болса, онда олар Отан алдындағы борышын өтеу үшін қарулы күштер қатарына қабылданады.

Роза Баелова, облыстық медициналық тексеріс комиссиясының терапеві:

– Алғашында сарбаздар өздері тіркеуде тұрған әскери бөлімде медициналық тексерістен өтеді. Содан кейін тепсе темір үзетін жастар бізге келеді. Мұнда олардың анализдерін қарап, жіті тексереміз. Бұл іс аяқталғасын жігіттердің құжаттарын арнайы комиссияға береміз.

Күзгі науқанда 18 бен 27 жас аралығындағы 550 теріскейлік қарулы күштер қатарына қосылмақ. Олар 12 ай бойы әскери дағдыларға, темірдей тәртіпке үйретілмек.

Марат Каримов, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

– Бірінші қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақырту басталды. Науқан желтоқсан айына дейін жалғасады. Жыл сайын әскерге барам деуші жастардың саны артып келеді.

Әскерге шақырту алған сарбаздардың алғашқы легі 17-ші қыркүйекте жолға шықпақ. 16 жас Отан алдындағы борышын Алматы облысында шекара қызметінде өтемек.

Алдияр Айтпаев