Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс ардагерлерінің VIII есеп беру-сайлау конференциясы өтті

Тура 3 ай, 3 күндесін Алаш жұрты азаттықтың ақ таңы атқан күнді атап өтеді. Биыл Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толмақ. Осы уақыт ішінде биік белестерді бағындырдық деп ауыз толтырып айтып жүрміз. Бұған ардақты аға буын өкілдерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін ұмытпау қажет. Қазыналы қарттарымыз – ақылшы, өткен мен бүгінгіні жалғаушы, қамқоршы! Осы кісілердің бірсыпырасы облыс ардагерлерінің VIII есеп беру-сайлау конференциясына жиылып отыр. Жиында соңғы 5 жыл ішінде атқарылған жұмыстар жіпке тізілмек, алдағы жоспар айқындалмақ.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Өткен есептік кезеңде облыстық және аудандық ардагерлер кеңестерінің назарында болған ең маңызды мәселе қарт адамдардың, ең алдымен ҰОС майдангерлері мен мүгедектерінің, тыл еңбеккерлерінің жағдайы болды. Сонымен қатар, басқа да зейнеткерлердің құқықтары мен мүдделерін әлеуметтік қорғауға, оларға жалпы мемлекеттік әрі аймақтық деңгейлерде материалдық және моральдық көмек көрсетуге баса көңіл бөлінді.

Солтүстікқазақстандық ардагерлер жақында ғана жарияланған мемлекет басшысының Жолдауына да баса көңіл бөлмекші. Саяси маңызды құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев “отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керек” деді. Міне, қарттарымыз осыған зор ықыласпен назар аудармақшы.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Өндіріп жатқан жұмысымыз болмағанменен де ел ішіндегі бірлікті, тыныштықты сақтауға үлес қосамыз. Тағы бір басты міндетіміз – елдегі экономикалық, саяси жағдайларды халыққа жеткізу, ел ішінде сақтау.

Жалынды жастар алып бәйтеректің жан-жаққа жайылған бұтақтары болса, қарттар – түп діңгегі. Олар әрқайсымыздың бойымызға тәрбие нәрін таратушы. Тал су арқылы бойын тіктеп, көкке көтерілсе, бала да дәл солай, ақыл арқылы сана қалыптастырып, ер жетеді. Осылайша, егемен елдің мүддесіне ерінбей еңбек етеді. Сол себепті, ардагерлеріміз ұл-қыздарды ұмыт қалдырмақ емес. Қарттар салиқалы ұрпақ дайындауға қашанда әзір.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Ардагерлер кеңесі, аға буын өкілдері жастардың тәрбиесіне үлес қосады. Жастар – еліміздің болашағы!

Жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов елдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқан алдыңғы буын өкілдеріне зор алғысын білдірді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздерді қоғамдық пікір қалыптастыратын азамат ретінде қабылдаймыз. Облысымызда өтіп жатқан іс-шараларға белсенді түрде қатыса отырып, жастарға тәрбие беру жолында жасап жатқан еңбектеріңіз үшін алғыс айтым келеді. Облысымызда 104 мың ардагер бар. Бұл – үлкен күш!

Құмар Ақсақалов өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына да тоқталды. Негізгі көрсеткіштерді, алдағы жоспарды баян етті. Кейін кезең кадрлық тағайындауға келді. Аймақ басшысы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы лауазымына Ескендір Елеусізовтың кандидатурасын ұсынды. Қатысушылар бірауыздан қолдады.

Білікті маман Ескендір Елеусізов бұл қызметке осымен 3-ші рет сайланып отыр. Ал, оның орынбасарлары болып Анатолий Корабельников пен Бейбіт Әбілов тағайындалды.

Байболат Култанов