Денсаулық сақтау

СҚО-да вакциналау қарқыны бәсеңдеген

Өңірде соңғы тәулікте коронавирусқа 72 адам шалдықты. Оның 61-інде аурудың айқын белгілері байқалады. Науқастардың басым бөлігі – әдеттегідей петропавлдықтар. Облыс орталығында 32 жағдай тіркелген. Жалпы, аймақта соңғы екі аптада тәж вирусы мыңнан астам адамнан анықталған. Дегенмен, аталған ндетті жұқтыру деңгейі оның алдындағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда кеміген, тіпті, 48 пайызға дейін төмендеу байқалады. Бірақ, босаңсуға болмайды. Ауа райы сағат сайын құбылатын күзде тұмау ауруы күшейе түсетіні белгілі. Осы орайда өңірде өзге де инфекциялардың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар бастау алғалы отыр.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Тұмауға қарсы екпе науқаны 2021 жылдың 15 қыркүйегінде басталады. Вакцинация соңғы жылдары профилактика ретінде қолданылған ресейлік инактивтелген Гриппол-Плюс вакцинасымен жүргізілетін болады. Вакцинада алдағы маусымға қарсы штамдар бар. Бұл республика халқының шамамен 11% -ын қамтиды, ДДҰ ұсынған – кемінде 10%”.

Тұмауға қарсы екпе белгілі бір бір топқа енетін жандарға жоспарлы түрде әрі тегін салынады:

1) медицина мамандары
2) медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар
3) балалар үйінің, сәбилер үйінің балалары, қарттар үйінің контингенті
4) созылмалы аурулармен есепте тұрған эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты жұқтыру қаупі жоғары адамдар.

Сонымен қатар, вакциналау жұмыс беруші мен екпе салдырушының жеке қаражаты есебінен де жүргізіледі. Осы ретте айта кетейік, ақхалаттылар тұмау мен коронавирустық инфекцияның таралу жолдарын ескере отырып, барлық азаматтарды вакцина алуға шақырады. Мамандардың сөзінше, соңғы екі айда өңірде коронавирусқа қарсы екпе алу қарқыны күрт төмендеген. Мәселен, шілде айының басында орташа есеппен күніне 3,5 мың солтүстікқазақстандық вакциналанса, қазіргі таңда небары 600.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Вакциналау жөнінен СҚО ел бойынша тізімнің соңғы жағында тұр. Әсіресе, Ғ.Мүсірепов, Айыртау, Уәлиханов, М.Жұмабаев, Тайынша мен Қызылжар аудандарында иммундау шарасының қарқыны, тіпті, бәсеңдеп қалған. Дәл осы аудандарда коронавирус жұқтыру фактілері көбейген”.

Қазіргі уақытта облыс стационарларында 560-тан астам адам ем қабылдап жатыр. Оның 25-і – бала. Біреуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, оқу жылы басталғалы 19 мұғалім коронавирустық инфекция жұқтырып алған екен. Оқушылардың арасында 84 бала тәж вирусын жұқтырған. Жалпы, 1-ші қыркүйектен бері қарай ешбір мектеп карантинге жабылған жоқ. Карантинге жіберілген сынып бар, барлығы – 22. Ал колледждерге келетін болсақ, 2 топ карантинге жабылған.

Дана Ешкенова