Денсаулық сақтау

Өңірде дәрігер тапшы

Айжан Тастубай – өңірімізге биыл келген жас ақхалатты мамандардың бірі. Қарағанды медицина университетін тәмамдаған нәзікжанды 1-ші қалалық емханада еңбек етіп жатыр. Жалпы тәжірибедегі дәрігер емделушілерді ең алдымен кабинетінде қабылдайды, кейін үйді-үйге шақыртуға барады.

Айжан Тастубай
, 1-ші қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

Өзімнің таңдауым Петропавл қаласына түсті. Себебі өзім СҚО-ның тумасымын. Енді ғана ЖОО бітірген түлектің бойында “Бұл менікі ме? Қолымнан келе ме?” деген сұрақтар пайда болады. Бұл сұрақтар мені де мазалады. Алайда, бұл күдіктер осында жұмысқа орналасқанннан кейін сейілді.

Биыл 1-ші қалалық емханаға Айжан сынды 6 маман жұмысқа тұрыпты. Алдағы уақытта тағы 2 дәрігер келеді деп күтілуде екен. Негізі, облысқа келген ақхалаттылардың жалпы саны 70-ті құрайды. Олар: жалпы тәжірибедегі дәрігер, пульмонолог мен жалпы медицина қызметкерлері. Дәрігерлердің бір бөлігі қалалық жерді таңдаса, екінші жартысы ауылға аттаныпты.

Алдияр Айтпаев, тілші:

Биыл қолдарына диплом алып, ауылдық жерге ат басын бұрған мамандарға берілетін мемлекеттік көтермеақы өсті. Аққайыңдар өлкесіне жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлері бұған дейін 1,5 млн теңге алса, үстіміздегі жылдан бастап оларға 2,5 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілуде. Бұл – ел бойынша ең жоғары қолдауақы болып саналады.

Мемлекеттен қолдау көрсетілуде, бірақ, өңірімізде кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Облысқа 200-ден астам дәрігер қажет.

Алдияр Айтпаев